Кәдірбек Сегізбай (К.Сауырұлы) 1941 жылы 1 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданының Жарсу ауылында дүниеге келген. 1960 жылы Зайсан қаласындағы қазақ орта мектебін бітірген соң, ұжымшарда екі жыл жұмыс істеп, 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. 1967 жылдан бастап баспасөз саласында - «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газеті, «Білім және еңбек» («Зерде») журналы, «Жалын» альманахы редакцияларында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары болып істеді, баспагерлік саласында («Жалын» баспасы, «Қазақ энциклопедиясы», «Санат», «Атамұра» баспаларында) Бас редактордың орынбасары, бөлім меңгерушісі, Бас редактор, баспа директоры қызметтерін атқарды.
Алғашқы әңгімесі республикалық баспасөзде 1968 жылы жарық көрді.
«Жап-жасыл әлем» повесі жастар мен жасөспірімдерге арналған шығармалардың республикалық жабық конкурсында 1981 жылы бірінші жүлдеге ие болса, «Біз қалада тұрамыз» жинағы үшін оған 1984 жылы Қазақстан Жазушылар одағының М.Әуезов атындағы сыйлығы берілді.
А.Лихановтың «Менің генералым» романын, словак жазушысы М.Дрючкованың «Ақ ханша» ертегілерін, поляк ғалымы Б.Залескийдің «Қазақ даласының өмірі» (2003) және К д’Оссонның «Шыңғысханнан Әмір Темірге дейін» (2003) деректі хикаяттарын, Ивлин Воның «Брайдсхедке оралу» роман, повестерін (2006), «Көне романдар мен әңгімелер» (Ахиль Татии, Лонг, Лукиан) (2006) кітаптарын аударған. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.
Шығармалары: Ашылмаған сыр. Әңгімелер. А., «Жазушы», 1972; Қойнаудағы ауыл. Повестер мен әңгімелер. А., «Жазушы», 1975; Өртеңге өскен гүл. Вьетнам сапарнамасы. А., «Қазақстан», 1976; Жылдың ең қысқа күндері. Повестер мен әңгімелер. А., «Жалын», 1978; Люди дальных дорог (орыс тілінде). Повестер мен әңгімелер. А., «Жалын», 1981; Этот зеленый, зеленый мир. Повести и рассказы. А., «Жазушы», 1984; Жол. Роман, повесть. А., «Жалын», 1986; Беласқан. Роман, повестер. А., «Атамұра», 2001; Арасан. Повесть. Астана. «Фолиант», 2002; 3 томдық шығармалар жинағы. (Арқарқара, І том), А., «Жалын», 2006; ( Арасан, 2 том), А., «Жалын», 2007; (Беласқан, 3 том), А., «Жалын», 2009.
Кәдірбек Сегізбай
Последние статьи автора