Гүлжан Ізімқызы Талпақова
Гүлжан Ізімқызы Талпақова 1948 жылы 12 қыркүйекте Атырау қаласында дүниеге келген. Алматы эстрада-цирк өнері студиясын Ш.Жиенқұлованың халық биі класы бойынша бітіріп, Мәскеу эстрада студиясында тәжірибе жинақтаудан өткен. Биші, Қазақстанның халық әртісі, София қаласында өткен Жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестивалінің лауреаты.
1967 жылдан «Қазақконцертте», «Гүлдер» ансамблінде қызмет еткен. Ол дүние жүзі халықтарының көпшілігінің билерін үйреніп, қазақ сахнасына шығарған. Оның репертуарында қазақтың «Айжан қыз», «Қос алқа», «Алмас қырғауыл», өзбектің «Хорезм биі» және ұйғыр, корей, вьетнам, моңғол, үнді, мысыр, малай халықтарының ұлттық билері бар. Гастрольдік сапармен Болгарияда, Германияда, Моңғолияда, Оңтүстік Шығыс Азия елдерінде (Бирма, Малайзия, Сингапур, Шри Ланка), Үндістанда, Жапонияда, Иранда, Тайландта, Финляндияда, АҚШ-та болған.