Ғабдығаппар Сағитұлы Сейітқасымов
Ғабдығаппар Сағитұлы Сейітқасымов 1940 жылы 14 қыркүйекте Қостанай облысының Жангелдин ауданында дүниеге келген. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) тәмамдаған. Экономика ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі.
1963-1969 жылдары - Қостанай облысының Жангелді ауданының бас экономисі. 1969-1973 жылдары - Қазақ ауылшаруашылығы экономикалық ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі. 1973-1993 жылдары - Қарағанды мемлекеттік университетінде ғылыми басшы, 1993-1999 жылдары - Қазақ мемлекеттік басқару академиясының проректоры. 1999-2001 жылдары - Астана қаласындағы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті бөлімшесінің директоры. 2001-2007 жылдары Қаржы және несие институтының ректоры қызметтерін атқарған.
Ғылыми жұмыстары ауылшаруашылық экономикасы мен қаржы және банк ісі саласына бағытталған. Ол астық дайындаудың экономикалық тиімділігін анықтаудың жаңа көрсеткіштер жүйесін, астық өсіру, тасымалдау, дайындау, сақтаудың экономикалық кешенді зерттеудің ғылыми әдістерін жасады. 160-тан аса ғылыми еңбектің, оның ішінде оқу-әдістемелік құралдардың, 20 монография мен оқулықтардың авторы.
«Золотой Орел» орденімен, «Астанаға 10 жыл», Ыбырай Алтынсарин атындағы, Ахмет Байтұрсынов атындағы медальдармен, «Қазақстан Республикасы ғылымының дамуына қосқан зор еңбегі үшін» төс белгісімен марапатталған.