Ерік Әбенұлы Байжүнісов
Ерік Әбенұлы Байжүнісов 1965 жылы 26 сәуірде Алматы облысында дүниеге келген. 1988 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын «хирург дәрігер» мамандығы бойынша, 1998 жылы – Мидлсек университетін (Ұлыбритания) «денсаулық сақтау менеджері» мамандығы бойынша бітірген. 1988-1989 жылдары хирургия бойынша интернатура өтіп, 1989-1998 жылдары Алматы облысы Қапшағай қалалық ауруханасында хирург-дәрігер, бас дәрігердің поликлиникалық жұмыс жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. 1998-1999 жылдары – Алматы облысы Еңбекшіқазақ орталық ауруханасы бас дәрігерінің экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары. 1999 жылы – ҚР Денсаулық сақтау, білім және спорт министрлігінің «Медициналық қызметтерге ақы төлеу орталығы» ММ ұйымдастыру жұмысы бөлімінің бас маманы. 1999-2000 жылдары – ҚР Денсаулық сақтау ісі жөніндегі агенттігінің «Денсаулық» РМК Медициналық қызметтерге ақы төлеу орталығының статистика, талдау және ақпараттық жүйелер басқармасы бастығының орынбасары. 2000-2002 жылдары – ҚР Денсаулық сақтау ісі жөніндегі агенттігінің «Денсаулық» РМК-нің ұйымдастыру, кадр және құқық жұмысы бөлімінің бастығы. 2002-2005 жылдары – ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің бас сарапшысы. 2005-2008 жылдары – Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасы бастығының емдеу ісі жөніндегі бірінші орынбасары. 2008-2010 жылдары – Солтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының бастығы. ҚР Үкіметінің қаулысымен 2010 жылғы 11 қарашада ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі болып тағайындалды.