Динар Жүсіпәліқызы Нөкетаева
Динар Жүсіпәліқызы Нөкетаева 1964 жылы 4 қарашада Талдықорған облысында дүниеге келген. 1986 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін және Ө.А.Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтын бітірген. Еңбек жолын 1986 жылы Алматы облысының Іле, Жамбыл аудандарында балабақша тәрбиешісі, химия пәнінің мұғалімі болып бастады. 1992 және 1993 жылдары Жамбыл аудандық атқару комитетінде жастар ісі бойынша инспектор, аға референт болып қызмет істеді. 1994 жылдың қаңтарынан 1999 жылдың қазанына дейін Жамбыл ауданы әкімшілігінің референті, аудандық мәслихаттың жетекші маманы қызметтерін атқарды. 1999 жылдың қазанынан бастап Жамбыл ауданы мәслихатының Хатшысы болды. 2004 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, 2008 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы болды. 2011 жылдан бастап Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры қызметін атқарып келеді.
«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001 ж.), «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» (2005 ж.), «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» (2006 ж.) мерекелік медалдармен марапатталған.