Бексұлтан Нұржекеұлы
Бексұлтан Нұржекеұлы 1941 жылы 22 ақпанда бұрынғы Талдықорған облысының Октябрь (қазіргі Алматы облысы Жаркент өңірі) ауданында туған. Орта мектепті бітірген соң, екі жыл «Көктал» қой совхозында жұмысшы болып істеген. 1965 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. 1965–1968 жылдары Талдықорған облысының Панфилов ауданына қарасты Үшарал орта мектебінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, 1968–1969 жылдары Панфилов аудандық комсомол комитетінің екінші, бірінші хатшысы, 1969–1972 жылдары Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің нұсқаушысы қызметтерін атқарған. 1972 жылы «Жалын» альманахы проза бөлімінің меңгерушісі, 1973–1976 жылдары «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі болды. 1976–1979 жылдары «Жалын» баспасы бас редакторының орынбасары, бас редакторы, 1989–1992 жылдары «Парасат» журналының бас редакторы, 1992 жылдан «Жалын» баспасының директоры.
Алғашқы повесі 1968 жылы «Кінәлі махаббат» деген атпен «Жұлдыз» журналында шықты. «Бір өкініш, бір үміт», «Жау жағадан алғанда» т.б. көптеген кітабы шықты. «Өзендер өрнектеген өлке» атты тарихи-этнографиялық эссесі жарық көрді.
«Құрмет» орденімен (2000), «Парасат» орденімен (2008), «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен (1970) марапатталған. Алматы облысының және Панфилов ауданының Құрметті азаматы.
Шығармалары: Күй толғақ. Әңгімелер мен повестер. А., «Жазушы», 1972; Күтумен өткен ғұмыр. Әңгімелер мен повестер. А., «Жазушы», 1974; Бір ғана махаббат. Әңгімелер мен повестер. А., «Жазушы», 1982; Өзендер өрнектеген өлке. Тарихи-этнографиялық эссе. А., «Жалын», 1984; В ожиданий. Роман. А., «Жалын», 1985; Ерлі-зайыптылар. Роман.А., «Жазушы», 1987; Жау жағадан алғанда. Роман. А., «Жалын», 1993; Әйел жолы – жіңішке. Әңгімелер мен повестер. Роман. «Жалын», 1998; Ой ұшқын. А., 2003.