Бақтияр Ғарифоллаұлы Артаев
Бақтияр Ғарифоллаұлы Артаев 1983 жылы 14 наурызда Тараз қаласында дүниеге келді. Боксшы, еңбек сіңірген спорт шебері, бокстан Қазақстан Республикасының чемпионы, 2004 жылы Афинада өткен Олимпиада ойындарының чемпионы, Вэл Баркер Кубогының иегері. М.Х.Дулати атындағы мемлекеттік университетін, ҚҚазақ спорт және туризм академиясын бітірген. Бокспен 10 жасынан айналысқан. Жаттықтырушысы - Н.Ақүрпеков. 1998 жылы жастар арасында Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алған. 2004 жылы Грекияда өткен Олимпиада ойындарында ширек финалда Олимпиалық ойындардың екі дүркін чемпионы ресейлік Олег Саитовтан үстем шыққан Бақтияр Артаев финалда Кубаның екі дүркін әлем чемпионы Лоренцо Арагонды жеңіп, алтыннан алқа таққан. 2005 жылы Қытайда өткен ересектер арасында бокстан Дүние жүзі чемпионатының қола жүлдегері, 2006 жылы Азия ойындарының күміс жүлдегері атанған.
2009 жылы Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Айшабибі ауылдық округінің әкімі болды. Сол жылы қарашада Жамбыл облысы туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы қызметіне тағайындалды. 2011 жылы - Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары болды. 2012 жылы 24 желтоқсанда «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының президенті болып тағайындалды.
1-ші дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған.