Аманқұл Серікбайұлы Серікбаев
Аманқұл Серікбайұлы Серікбаев 1950 жылы 26 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданында дүниеге келген. 1973 жылы П.Лумумба атындағы Халықтар достығы университетін тәмамдаған. Экономика ғылымының докторы, Халықаралық Экология, адам және табиғат қауіпсіздігі ғылымдары Академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Әлеуметтік Ғылымдар Академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының құрметті профессоры.
Қазақ КСР Ғылым Академиясы Физика-математика ғылымдары бөлімінің ғылыми хатшысы, Қазақ КСР Ғылым Академиясы Алқасы бас ғылыми хатшысының орынбасары, Қазақстан Компартиясы ОК Идеология бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Аппараты мен Министрлер Кабинеті Ғылым және жаңа технологиялар жөніндегі бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасының Ғылым мен техника жөніндегі жоғары консультативтік кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімі секторының меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының ректоры, Қазақстан Республикасының Парламенті Аппараты ақпараттық талдау орталығы меңгерушісінің орынбасары, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің Аппараты ақпараттық талдау орталығының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2007 жылдан - «Нұр Отан» ХДП Парламентаризм институты директорының орынбасары.
Ол - мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет саласындағы түрлі мәселелерге арналған 50-ден аса ғылыми еңбектің авторы. 200-ден аса ғылыми, ақпараттық және оқу-әдістемелік еңбектері жарық көрді. «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» медальдарымен марапатталған.