Әбілев Шахимардан Қайдарұлы
Әбілев Шахимардан Қайдарұлы 1950 жылы 23 сәуірде Павлодар облысы Шарбақты ауданында дүниеге келді. Алматы эстрада-цирк өнері студиясын, Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясын бітірген. Әнші, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Абай атындағы опера және балет театрының әншісі.
1973-1975 жылдары - Қазақ академиялық опера және балет театрының әншісі. 1981-1982 жылдары - Қазақ филармониясының, Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясы жанындағы опера студиясының соло-әншісі болған. 1981-1997 жылдары Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының аға оқытушысы, вокалдық өнер факультетінің деканы, доцент қызметтерін атқарған. 1997 жылдан - ән салу кафедрасының профессоры.
Әнші репертуарларынан қазақ, орыс, тағы басқа елдердің композиторлары Абай Құнанбайұлының, Рахманиновтың, Чайковскийдің, Бизенің, Вердидің, Ахмет Жұбановтың музыкалық шығармалары елеулі орын алған. Гастрольдік сапармен Моңғол Халық Республикасында, Ресейде, тағы басқа көптеген елдерде болған. 1989 жылы Халықаралық «Алтын алма» фестиваліне қатысып өнер көрсеткен. Күләш Байсейітова атындағы ІІ республикалық байқауының, Ереван қаласында өткен М.Глинка атындағы Бүкілодақтық әншілер байқауының жүлдегері. ҚР музыка қайраткерлері одағы төрағасының орынбасары (2005). ҚР Білім үздігі (2005).