Спортшыларды қоғамдық-саяси іске тарту қажет пе?
Елдің арасынан шығып, ұлттың сүйіспеншілігіне бөленген халықтық тұлғалар қай кезде де қажет. Оларды қоғамдық жұмыстарға тартып, ұлттық патриотизмді ояту, саяси көзқарасымен санасу, керек десеңіз, ел басқару ісіне немесе қайырымдылық шараларға тарту – бүгінгі күннің сұранысындағы мәселе. Мысалға, біз қазақтың туын әлем алдында көкке желбіреткен оғландарымыздың қадіріне жете алып жүрміз бе? Оларды қоғамдық іс-шараларға араластырып, саяси сахнаға көтерілуіне жағдай жасап немесе идеал тұтып, олардың өмірін бұқараға тағылымды жол ретінде ұсына алдық па?
Бедел әпер, сосын қажетің шамалы…
«Спортшы спортымен, саясаткер саясатымен айналыссын» деуі мүмкін оқырмандарымыз. Десе де, халық сүйіспеншілігіне бөленген тұлғалардың ел алдындағы ықпалын жоққа шығара алмаймыз. Ол ықпал әр сайлау алдында төбе көрсететінін де жақсы білеміз. Мысалға, саяси партиялар сайлауға түсер алдына өз саптарына белгілі ақын-жазушыларды, әншілерді, спортшыларды қосып ала қояды. Тіпті депутаттық мандат берілетіндердің тізімінде белгілі тұлғалардың есімі жүреді. Халық сол зиялы қауым үшін дауыс береді. Бірақ саяси партиялар ең соңында «партияға бедел әпердің, енді қажетің шамалы» дегендей сол халық сеніп дауыс берген зиялы қауымды шетке ысыра салады. Біздің белгілі тұлғаларға деген көзқарасымыз – осы. Ал спортшыларымыздың саяси биік тұғыр, биік мінберлерге көтерілгендері некен-саяқ.
Көзқарасты түзеу қажет
Қай спорт түрінде болсын спорттық ғұмыр тым қысқа болатынын бәріміз де мойындаймыз. Жалындаған жас шағыңда әлемнің мықтыларын тізе бүктіруге болар. Ал жасың отызды алқымдаған соң, қайраңда қалған қайықтай ешкімге қажетсіз болып қаласың. Бұл – біздің әр спортшымыздың ішіндегі қасіреті, қаупі. Ол қауіп кімді болсын үрейлендіретіні белгілі. Сол үрей спортқа деген көзқарасты шектеп тастағандай. Халық арасындағы «Асық ойнаған азады, доп ойнаған тозады» деген сықылды сөздер осы ойымызға үстемелете үн қосады. Егер спорттық ғұмыры таусылған спортшының азаматтық, тіпті тұлғалық ғұмыры басталып кететін болса, бұл өнерге деген көзқарас өзгерер еді.
Өзге елде…
Әнші Алла Пугачеваның сөзі Ресей билігін сескендіреді. Оның ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс. Билік әншінің қабағына қарап күледі, халық көкейдегісін Алла арқылы жоғары жаққа жеткізеді. Бұл – әншілік өнердің құдіреті. Ал күрес шебері Путин басқаратын сол Ресейде спорттан саясатқа кетіп, нәтижелі іс атқарып жатқандар тізімі Николай Валуев, Владислав Третьяк, Светлана Журова, Александра Карелина, Светлана Хоркина, Олег Жолобов, Алина Кабаева, Антон Сихарулидзе, Светлана Ишмуратова, Фёдор Емельяненко, Евгения Плющенко, Ирина Роднина, Николая Гуляева деп ұзап кете береді. Тағы бір мысал. Белгілі актер, спортшы Арнольд Шварценеггер Калифорния штатының губернаторы болды. Ол қандай актер болса, саясатта сондай саясаткер екенін дәлелдей білді. Іргедегі Украинаны алыңызшы. Bagnet.org сайты Украинадағы спортшылар мен жұлдыздардың саясатпен айналысуы жөнінде сауалнама жүргізіпті. Сауалнамаға қатысушылардың 60 пайызы спортшылардың саясатпен айналысқанын қолдапты. Осындай көзқарас ағайынды Кличколарға «Удар» атты партияның тізгінін ұстатып отыр. Ел ішіндегі боксшы беделі саясатта да бір мысқал кеміген емес.
Бізде…
Спортшыларымыз Жақсылық Үшкемпіров пен Дәулет Тұрлыхановпен санаспайтын қазақ бар ма? Осы тұлғалардың сөзін жүрдім-бардым тыңдайтын әкімқараны көріп пе едіңіз? Жоқ. Мұндай оғландарымыз, құдайға шүкір, аз емес. Бірақ біздің зиялы қауым елдік мәселені бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ғана қаузап келеді. Жалпы, биліктің сиқырлы кілтін қолына ұстап, тікелей саясат сахнасында жүрген бірде-біреуі жоқ. Айтпақшы, ілгеріректе Серік Қонақбаев Мәжіліске депутат болған еді. Дмитрий Винокуров пен Ермахан Ыбырайымов секілді бірлі-жарым спортшыларымыз Мәжіліс депутаттығынан үміткер болып, сайланбай тізім соңында қалғаны есте.
Спортшылар қайда барады?
Ендігі сауал осы болса керек. Бізде спортқа аяқ іліктіргендер мен спорттан кететіндерге ерекше қолдау керек. Кәсіби біліктілігі мен саяси жігері жеткендерді лайықты лауазымды қызметке қоюымызға да болады. Әр спортшының өмірдегі өзіне лайықты орнын табуы керек. Олар салауатты өмір салтын насихаттасын, ел арасында спортқа ынталы жастарды тәрбиелесін, спорт мектептеріне басшылық қызметтер атқарсын, әйтеуір, ел үшін қол қусырып отырмаса болғаны.
Бақтияр АРТАЕВ, Афины Олимпиадасының чемпионы:
– Бүгін күллі қазақ жұртшылығы Лондон Олимпиадасындағы спортшылардың жетістігіне қуанып отыр ғой. Енді осы жетістікке жеткендерді ұмытпау, осы жетістік арқылы ұлттық патриотизмді дамыту мәселесін жолға қоюымыз керек. Мен, жалпы, ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігі бұл мәселені қолға алса деймін. Осы әлемді мойындатқан қыз-жігіттерге спорт саласындағы түрлі қызметтер ұсынса, артықтық етпейді деп ойлаймын. Алтын алған азаматтардың қай-қайсысы болсын спорттық мектептерге, спорттық ұйымдарға басшылық жасауға қабілетті.
Түйін
Әрине, ешбір спортшыға «спортыңды тастап, қоғамдық жұмысқа кел» дей алмаймыз. Тек оларға деген халықтың махаббатын, сүйіспеншілігін пайдаланып, спортшылар арқылы бұқараны патриотизмге тәрбиелей алар едік. Осы қадам арқылы мемлекетшілдік сана қалыптастыруға да болар еді. Лондоннан жеті алтын алып, мерейі үстем болып отырған мына біздің айтпағымыз – осы.