Халықаралық Олимпиада комитетінің біздің сөзімізге құлақ аспасы белгілі. Әйтсе де, айта кетейік, төрт жыл сайын дүниежүзін дүбірлетіп өтетін Олимпиада ойындарының бағдарламасы ұлғайып барады. Әрбір Олимпиада сайын оның бағдарламасына жаңа спорттық додалар қосылуда. Соның салдарынан бүгінде Олимпиада ойындары бағдарламасындағы спорттық додалардың саны шектен тыс көп. Олардың бәрі де Олимпиада сақиналарында бейнеленген бес құрлықты мекендейтін халықтың сүйікті спорты деп айта алмаймыз.
Ең өкініштісі, Олимпиада ойындары тек спорттық жарыстардың (сайыстардың) додасы емес, саясат араласып, бүкіләлемдік бәсекеге айналып бара жатқандай. Бүгінде Олимпиада ойындарында қай елдің спортшылары қарымды болса, солар ғана топ жармайтын секілді. Қазіргі заманғы Олимпиада ойындарында спорттық ғылымы мен медицинасы озық елдер бірден атойлап алға шығып, қара үзіп кетеді. Дәл қазір оларға жету мүмкін емес. Бұл орайда, АҚШ пен Қытайдың спорттық ғылымы да, ілімі де өзгелерден көш ілгері болып тұр.
Ал ең сорақысы, кейбір спорт түрлеріндегі төрешілерді қара қылды қақ жарған әділқазылар деп айтуға ауызың бармай, тіліңді тістейсің. Олимпиада ойындарында кейде тіпті қай елдің спортшылары мықты, бапкерлері білікті, спорттық ғылымы мен медицинасы озық екеніне көз жеткізіп қана қоймай, кейбір мемлекеттің «менеджменті» іскер екендігін де байқауға болатындай.
Лондон Олимпиадасында бірнеше спортшының төрешілер шешіміне риза болмай, әділдік сұрап жан-жақтарына алақтағандарын да көрдік. Тіпті амалсыздан көз жастарын төккендерін де байқадық. Сондай-ақ кейбір спортшылардың басты бәсекелестерінің қайсыбіреулерін Олимпиада ойындары бағдарламасындағы сындардан көре алмай таңдандық та. Қазір халықаралық спорт федерацияларының «ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» болып тұрған секілді. Допингке қарсы күрес орталығы тағы бар. Кейбір спортшылар соның қармағына ілігіп қалып, опық жеп жүр.
Бір сөзбен айқтанда, Олимпиада ойындары тек спорттық жарыстар мен сайыстардың додасы емес, заманауи додаға айналып бара жатқандай. Мұнда тек Олимпиада медальдары ғана сарапқа салынбай, жаһандық атақ-даңқ та, дүниежүзілік абырой да, халықаралық бедел де көкпарға тартылатындай...
Өкінішке қарай, біздің қолымыздан келетіні тек осы үрдіс Олимпиада ойындарының мән-мағынасын бұзып, берекесін кетіріп, шырқын бұзбаса екен деп тілеу ғана...
Қазақ спортының артықшылығы мен кемшілігі
Қалай айтсақ та, Лондон Олимпиадасы біз үшін жаман болған жоқ. Керісінше, жұлдызымыз жанып, абыройымыз асқақтаған дода болды. Бұл жолы саф алтынды әдеттегіден де көп алып, мерейіміз тасыды.
Мұны әркім әртүрлі қабылдады. Алтынмен апталған саңлақтарымыздың қатарында Қытай мен Ресейден келген спортшыларымыздың бар екендігін көлденең тартушылар көп болды. Шетелдіктер мұны қызғанышпен айтты десек, өзіміздегі жанкүйерлердің біразы «өзіміздің ұл-қыздарымызды неге осындай жетістікке жеткізбейміз?» деп ашына ақтарылды. Бірақ біз бір нәрсеге көңіл аударуымыз керек. Бізге алтын әперген спортшылардың бәрі – өз елдерінде өздерінің ұлттық құрамаларына іліге алмаған арулар. Өз отандарындағы бапкерлерге керексіз болып қалған. Біз оларды сырттан алғанымызды жасырмаймыз. Біздің артықшылығымыз сол, көрші елдерге керексіз болып қалған спортшылармен Олимпиада алтынын алдық. Қытай мен Ресейде олардан артық саналған спортшыларды тақырға отырғыздық. Бұл біздің бапкерлеріміздің, біздің мектебіміздің олардан асып түскендігін көрсетеді. Қайда солардың Чиншанлодан, Манезадан, Подобедовадан артық спортшылары?! Біздің бапкерлер солардың үшінші немесе төртінші нөмірлі спортшыларымен Олимп шыңын бағындырып отыр. Яғни бұл – біздің бапкерлердің, біздің басшылардың, біздің жүйенің жеңісі. Қалай айтсақ та, біздің жеңісіміз, біздің жетістігіміз.
Сайып келгенде, мұның бәрі артықшылығымыз бен кемшілігімізді тайға таңба басқандай етіп ашып беріп отыр. Бізде үлкен спорт өте жақсы дамыған. Спортшылардан чемпион жасау жағына бапандаймыз. Оған қабілетіміз де жетеді, мүмкіндігіміз де жетеді. Білікті бапкерлеріміз де бар, сыралғы мамандарымыз да бар, көзі қарақты қайраткерлеріміз де бар. Ең бастысы, спорттық менеджментіміз де әлемде алдыңғы қатарда. Бұл – артықшылықтарымыз.
Ал кемшілігіміз бізде спортшы дайындау, ізбасарлар әзірлеу мәселесі ақсаулы. Ауыл-ауылдан табанынан таусылып талант іздеп жүргендер жоққа тән. Спортпен айналысатын жастарымыздың көбі бастаған істерін аяғына дейін жеткізбей, тайқып кетеді. Спорттық қиындықтарға, ауыр жүктемелерге шыдамай ма, жоқ әлде білім қуып кете ме, белгісіз. Бұл тұста әр спорт түріндегі бас бапкерлерге кінә таға алмаймыз. Өйткені олар ауылды жерлерден талант іздей алмайды. Ұлттық құрамына дайындаулары керек.
Лондон Олимпиадасы осы кемшілігімізді тағы да бір рет ашып берді...
Спортқа әділдік жараспаушы ма еді?!
Последние статьи автора