Ел рухын асқақтатқан саңлақтар
Бағзы баһадүр-батырлықтың бүгінгі бейбіт күндегі синонимі – Олимпиада, әлем чемпионы һәм байрақты бәсекелердің жеңімпазы атанып, ел мерейін асқақтатын спорт саңлақтары. Лондондағы ХХХ Олимпиада ойындарында жалпы есепте 12-орынға бір-ақ көтерілген Қазақстан спорттық держава ретінде мойындала бастады. Қазіргі кезде әр қазақстандықтың бойын олимпиадалық рух, жеңімпаздық көңіл күй мен ұлттық мақтаныш кернеп тұр десек артық айтқандай болмаспыз. Себебі Қазақстан бұрын-соңды Олимпиадалардан үш алтыннан артық алып көрген емес, үздік «жиырмалықтың» қатарына ілігу арман болатын. Тұманды Альбионда сағым-арманымызға қол жеткіздік, енді Рио-де-Жанейро Олимпиадасында биік белестерге иек артуымыз керек.
Спорт елді біріктірді
Алғашқы күні мен соңғы күніне дейін алтын жауған Олимпиада қуанышы бүкіл қазақстандық жанкүйерлерді мақтанышқа бөлеп, идеялық жағынан біріктірді, алмастай бірлігін нығайта түсті. Өзге елдер көпэтникалық Қазақстанның жетістіктеріне қызыға да, қызғана да қарады. Ресейлік «Московский комсомолец» басылымында жарық көрген «Қазақстандықтардың ұлттық мақтаныштары» деген мақаласында Игорь Кармазин Қазақстанның Олимпиададағы жетістіктерінің құпиясын ұлтаралық татулық пен қазақстандық идентификациядан іздейді. Өз елінің жанкүйерлерінің ұлтқа бөлінетін әдетіне қынжылған ол «қазақ жанкүйерлерінің қасында біздің жанкүйерлердің әлеуметтік желілердегі сөздері – ұят. Бізде ұлтқа бөліну, чемпиондарды да ұлтқа бөлу бар. Бізге қазақ көршілеріміздің спортта жеңу тәжірибесінен бөлек, ұлтты сыйлау мәдениетін де үйрену керек» деп жазған.
Олимпиададағы таңғажайып табысымыз күллі қазақстандықтар үшін ортақ жеңіс екенін, байрақты додада атой салған өзге ұлт өкілдерін қазақ деп бауырына басатынын тағы да паш етті. Осындай бірліктің нышанына әлеуметтік желілердегі мыңдаған пікірден көз жеткіздік. Твиттердегі Adil Liyan @Adil_Liyan деген пайдаланушы «Лондон Олимпиадасы қазақстандықтарды біріктірді. Әлем біз туралы көбірек танып-білді. Біз қазақстандықтармыз және біздің күшіміз – бірлікте!» деп жазды.
Спорт – әр мемлекеттің ұлттық идеясы
Лондондағы табысымыз кездейсоқтық емес, былтырғы қысқы Азия ойындарындағы жетістігіміздің жалғасы. Олимпиада қарсаңында медаль саны жөнінен әлемдік рейтингіде – 14-інші, алтын саны жағынан 23-орында болғанбыз. Спорттағы жетістіктеріміз еліміздің идеологиялық беріктігіміздің негізі болмақ. Кез келген ел үшін спорт – қоғамды ортақ ұлттық идеяға біріктіруші құдіретті құрал. 60-жылдары спорт Америка қоғамының басты құндылығына айналып, бұған «екінші дін» ретінде табынатын болды. Спорт жеке адам үшін әрі капитал, әрі атақ-абырой, әрі денсаулық, әрі мансап, әрі бақыт кілті болса, мемлекет үшін ұлттық имидж, салауатты өмір салты, қуатты елдік пен құдіретті идеологияның негізі. Сарапшылар спорттың бұқаралық арзан мәдениет пен бөтен идеологиялық ағымдарға қарсы тегеурінді күш бола алатынын айтады. Спорт – патриотизм мен ұлтжандылықтың катализаторы. Спорттың ең қызығы сол: әртүрлі ойлайтын, әртүрлі саяси ұстанымдағы адамдарды біріктіреді, бір бауыр етеді. Спорт деген халықты жеңіс пен жасампаздыққа тәрбиелейді, ұдайы бірінші болуға қайраттандырады. Спортшы адам еңбекқорлық, табандылық пен сабырды серік етіп, тың идеялар мен үлкен мақсаттарға жұмыс істейді. Демек, бізге спорт туралы көзқарасымызды кеңейтіп, ұзақ мерзімді стратегиямыздың бастауы деп қарауымыз керек. Лондон Олимпиадасындағы толғай табысымыздан кейін бұқаралық спорт пен «үлкен спортқа» бетбұрыс басталады деп сенуге, БАҚ-та «ұлттың қуаты» жарнамасы аясында «әрбір қазақстандық – спортшы» деген үгіт-насихат жүргізілсе игі, әрбір отбасы баласын спорт секциясыларына жұмылдыруы қажет.
Көптеген мемлекеттің тәжірибесінде спортты ішкілік пен нашақорлыққа, бойкүйездік пен масылдыққа қарсы кәдеге жарататын салиқалы саясат бар. Қазіргі қимыл-қозғалыстың аздығынан адамдар гипокинезияға көп шалдыққан. Елімізде 3 миллиондай адам спортпен шұғылданады дегенімізбен, бұл – аз көрсеткіш. Халықтың барлығы спортты серік етуі тиіс. Салиқалы спорттық саясатты жүзеге асырудың төмендегідей тетігін жасауға болады:
1) спортты қоғам мен ұлтты біріктіруші күшке айналдыру;
2) салауатты өмір салтына тәрбиелеу, дені сау ұлт қалыптастыру;
3) заманауи спорт индустриясын қалыптастыру.
Болат ӘБДІЛМАНОВ, театр және кино әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
– Спорт дегеніміз – саясат. Мемлекет саясатта қандай биікке шықса, спортында да сондай белесті бағындырады. Бұрын 30 бен 40-тың ортасында жүретінбіз. Кейінгі төрт жыл ішінде Қазақстан қарыштап дамыды, барлық жағынан абыройы әлемге асқақтады. Соның нақты айғағы – спорттағы жүлделеріміз. Өзіміздің қазақ екендігімізге мақтанатын керемет қуанышты сәттерді бастан өткердік. Әлгіндей қуанышты сезімнен әлі күнге айыға алмай жүрген жайымыз бар. Олимпиада ойындары қазақ жұртының татулығын, кез келген қиындықты бірлесіп көтеріп, бірлесіп қуана білетіндігін дәлелдеді. Бабалардан қалған «тапқан – шеше емес, асыраған – шеше» деген сөз бекер емес. Ешкімді ұлтына, дәстүріне, дініне қарап бөлмей, бәрі де бір тудың астына жиналып, Қазақ елі бес саусақтың саласындай, бір отбасының баласындай жұмыла жүк көтерді. Біздің чемпиондар Лондонда көк туымыз желбіреп, Әнұран айтылғанда көздеріне жас алып жатты. Отанды сүю деген осы емес пе? !