Бұл медальда қазақтың намысы бар!
2012 жылғы Лондон Олимпиадасы қазақтың ұлттық рухын асқақтатқан байрақты бәсеке болды. Тіпті сандық сәйкестікке салсақ та, «2012 жыл, 12 тамыз, 12-орын» дегеннің өзі тылсым сырға толы үндестіктен тұрады екен. Жүгіру, секіру, суда жүзу, ауыр көтеру, жұдырықтасу, белдесу дейсіз бе, бір сөзбен айтқанда, Олимпиада бұл спорттық жарыс, спорттық жетістік есептелгенімен, шын мәнінде, ол шалқар шабыт, асқақ абырой, тіпті ұлттық тұтастық тірегі болғаны даусыз. Себебі саңлақтары сайысқа түсіп жатқанда құс төсекте алаңсыз ұйықтаған қазақ жоқ. Аяғы жеткен Алаш баласы Лондон төрінен табылып, олимпиадашыларымызға дәл жанынан рух беріп, көк туды тік көтере аттандаса, қалғанымыз түгел теледидарға телмірдік, сәт санап ғаламторға түрліше үн қатумен болдық.
«Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар»
Осы Олимпиада да біздің шабытымызға шабыт қосты, тіпті ұйықтап жатқан жүректердің өзін дүр сілкінтіп оятты дей аламыз. Баршамыз бір ауыздан ән салдық. Соның бірі де бірегейі – «Чемпиондар әні». Ермек Елгезеков пен Айгүл Мүкейдің көкейін жарып шыққан жігерлі әнді эстрада жұлдыздарымен бірге Ислам Байрамуков, Ольга Шишигина, Әлия Юсупова, Бақыт Сәрсекбаев, Бақтияр Артаев секілді т.б осыған дейінгі олимпиадаларда қазақтың Әнұраны мен байрағын биікке көтерген чемпиондарымыз шырқап шықты. «Еларна» мен «Хабардан», әр сайыс сайын беріліп, көрерменнің көңіл күйіне көтеріңкілік сыйлағаны даусыз.
Мына қызықты қараңыз, қазақтың осындай кемерінен асып-төгілердей қуанышын алдын ала болжағандай, Ибрагим Ескендір атты әншіміз «Көк тудың желбірегені» атты әнді бейнебаянымен бірге телеарналар эфиріне шығара бастаған. Ермұрат Зейіпхан мен Алмас Ахметбектің тап осы туындысы арналардан енді бастап көрсетіле бастағанда, көп ұзамай Лондон Олимпиадасы да басталып, Алаш рухының асқақтығындай көк туымыз әлем көгінде бір емес, бірнеше мәрте көкке көтерілді. Ұлттық арна басқа емес, тап осы әнді Олимпиада ұранындай ұлықтап, спортшыларымыздың жеңісті сәттерін әр кез сайын толықтырып беруден еш тайған жоқ. Солайша әр күн сайын, тіпті күніне неше рет Қазақ елі «Көк тудың желбірегенін» жаңа сюжетпен қарап отырды.
Сондай-ақ әнші Бейбіт Қорған да «Соқ, соқ» деген рэп стиліндегі әні арқылы баласын атқа отырғызып, тақымын қысқан қазақтың жігерін жани түсті. Лондон Олимпиадасы шымылдығын жабар салтанатты сәтіне орай «Хабар» мен «Еларна» ұйымдастырған керемет кеште де қазақтың жас әншілері осы секілді тың туындыларын орындап шықты.
Шыны керек, соңғы кездері неге жылаңқы әндер мен жылауық әншілер көбейіп кетті, рухты асқақтатар әндер қайда деп жүрген едік. Міне, жауап! Лапылдап жану үшін өлеусіреген отты үрлеу керегі секілді, «ұйықтап жатқан жүректі оятуға» да осындай бір оқиға керек болыпты. Олимпиада сол біз күткен оқиға болып, біз күткендей серпіліс туғыза алды. Бұл әлі ән мен жырдың басы ғана екені даусыз.
«Ильяның төбе шашы секілді, Бүкіл әлем аяғынан тік тұрды!»
«Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деп дана Абай қалай тауып айтқан десеңізші, қуанса да, қайғырса да, мұңайса да, жігерленсе де, сезімін қас-қағым сәтте жырға айналдыратын дәл қазақтай халық жоқ шығар, сірә! Мұндай халық күні кешегідей аламанда үнсіз қалды десе, ешкім сенбесі анық. Желілердің түр-түрінде Олимпиаданың әр сәтін аңдып отырған жұрт сол замат онлайн режимінде жеңімпаздарға жыр арнап, тіпті олардың үздіктері телеарналардан да берілді. Мысалы, мына өлең-жыр:
Сүйетін, қадірлейтін халқын анық,
Қуантты Винокуров алтын алып.
Шабандоз қолындағы сары алтындай,
Жаһанның қақ төрінде жарқырадық.
Сындарлы Олимпиада ойындары,
Қанды ойнатты қазақтың бойындағы.
Майя менен Зүлфия алтын ұтып,
Біздің елді күллі әлем мойындады.
Спортшылар қуатын халық көрді,
Өйткені олар ақтады анық терді.
Көп ұзамай қазақтың қоржынына,
Света қыз бір алтын салып берді.
Рекордты жаңартып әлемдегі,
Қарсыласын таңғалтып бар елдегі.
Зілтемірші Илья Ильиніміз,
Мықты екенін тағы да дәлелдеді.
Жібермейді-ау шын ерді намыс, білем,
Мықтыны сынайды ғой жарыс кілең.
Үш қарғып секіргенде Рыпакова,
Алтынның түсті келіп дәл үстінен.
Иықты жандар туар иықты елден,
Бізге Алла жақсылықты үйіп берген.
Әлі де бағы бекем нар қазақтың,
Көреміз намыс Туын биіктерден.
Олжас Қасым атты жас ақын осылай деді. Бұл – әлі Олимпиаданың соңына жетпеген, Серік пен Әділбектей батырларымыздың жұдырығымызбен жұмыр жерді бағындырмаған кезінде туған өлең. Көптеген жыр, көп өлең тамыздың 4-і күні зілтемірді бұйым құрлы көрмей тік көтеріп, әлемді аузына қаратып, қазақтың абыройын аспаннан бір-ақ шығарған Илья Ильиннің жеңісті сәтінде туды. Солардың ішінен мына бірі еріксіз селт еткізді:
Алтыныңды қанжығаға бөктерiп!
Көк туыңды жатыр Ұлың көкке iлiп!
Ильин бүгiн орындады уәдесiн.
«АЛТЫН АЛАМ, ТАРТЫП АЛАМ» деп келiп.
Қазақ, сенiң, расында да, зор бағың!
Жолбарысты жан-жарысқа жолдадың!
Сен бiлдiң бе, бiр орыстың баласы,
Бiр күндерi намысыңды қорғарын?!
Мойындаймыз бiз осындай мықты ұлды.
Ол ҚАЗАҚтың кiм екенiн ұқтырды.
ИЛЬЯНЫҢ төбе шашы секiлдi,
Бүкiл әлем аяғынан тiк тұрды!
Әп-сәтте ақпарат алғызатын интернетте тіпті өлеңдер оқша борап, аяғы айтысқа да ұласты. Алашқа аты шыққан Қалқаман Сарин мен Балғынбек Имашевтің twitter-дегі айтысы осыған дәлел.
Алаштың мойнына жетінші алтынды таққан, сонымен Олимпиада шымылдығын жапқан сәтте желідегі бір оқырман көкейінде мынадай жыр туса керек:
Мамбет БИГЕЛДИ
(қонақ) | 12 August 2012 | 18:04 |
Өткізген еді ер өнермен уақытты,
Сыйлағандай жеңіс деген жақұтты.
Ақ Серіктей ұлды туған қазағым,
Неткен дархан, неткен заңғар бақытты!
Келесі бір жыр жолы күллі қазақтың қуанышын дөп басты:
Лондоннан бір қуаныш келіп дара,
Тақым қысты жанкүйер сеніп қана.
Жанкүйердің үмітін ақтады енді,
Боксшысы қазақтың СЕРIК бала.
Отырғанда ел үмітін үлбіретіп,
Қуанышты дауыстар тұрды жетіп.
Жетінші алтын дәл бүгін түсті енді,
Қоржынына қазақтың сыңғыр етіп.
Жеті алтын – елімнің табысы бар,
Медальдарда жүйріктің шабысы бар.
Серік алған алтынның жөні бөлек,
Бұл алтында қазақтың намысы бар!
Түйін
Расында, ақтық сәтте атқақтаған жүрегіміз аузымыздан атқып шығардай күй кештік. Күллі қазақтың үміті артылған Серіктің сол сәт сүрінуге қақысы жоқ еді. Қанымыз бен жанымыз, барымыз Сәпиевтің жұдырығына барып тас түйін боп қадалғаны даусыз еді. Сол сәт бар қазақ бір қазаққа айналып, бір қазақ бар қазақтың бағын байрақ етті. Тұтас ұлттың жүрегі бір соққанда, жеңіс туы бұйырмауы мүмкін емес еді. Лондоннан алған әр алтында қазақтың бірлігі, арманы, намысы, жүрек лүпілі бар. Алтын құрсақ Алашымның әлі талай толғатып, толағай ұлдар туатыны күмәнсіз.