Шымкентте 9 адамды қарақұрт шағып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Т.Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығында қарақұрт шаққан 8 науқас емделіп шықты.
Бір науқас жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды. Жағдайы бірқалыпты. Ем-дом қабылдап жатыр.
«Мамыр айында қарақұрт шағып алған 5 науқас, маусым айында 4 науқас стационарлық ем қабылдады. Ал, жылан шаққан 4 тұрғын мен сарышаян шаққан 5 қаралушы стационарлы ем алды. Жағдайлары жақсы. Сондай-ақ, сарышаян шаққан 16 науқасқа алғашқы көмек көрсетіліп, амбулаторлы ем тағайындалды», - дейді орталықтың бас дәрігері Мадина Ермаханбетова.
Дәрігерлер жазғы маусымда қарақұрт пен жыланнан және сарышаяннан қорғану керектігін ескертеді.
Әсіресе, ауласында құрылыс жұмысын жүргізіп жатқан тұрғындар сақтық шараларын ерекше сақтағаны жөн.
Себебі, қарақұрт пен жылан, сарышаян сол құрылыс материалдары арқылы келіп жатқан жайы бар.
«Жел соғып тұрған сәтте далада жатуға болмайды. Табиғат аясына шыққан сәтте аяқты жауып тұратын аяқ киім кию керек. Сондай-ақ, құрылыс материалдарын тасығанда мұқият болған жөн. Өзен маңынан жеткізілетін құм мен топырақтан қарақұрт шығуы мүмкін. Киімді де бір тексеріп барып, содан кейін кию қажет. Егер қарақұрт, жылан, сарышаян шақса міндетті түрде дәрігерге көрініңіз», - дейді дәрігер Мадина Ермаханбетова.