9 маусымда таңертең Шымкенттегі "Тұран-1" ықшамауданындағы көшеден 15 жастағы оқушы өлі табылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі OTYRAR сайтына сілтеме жасап.
2007 жылы туған оқушы 8 маусымда кешке мал жайлауға шығып, оралмаған. Таңертеңгі сағат 4:50-де баланың денесі көшедегі ашық алаңнан табылған. Ешқандай зорлық-зомбылық белгісі табылмағаны айтылды. Жасөспірімнің денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілген.
Оқушы Шымкент қаласындағы №72 орта мектепте оқыған. Жұмада таңертең ол пәндер бойынша емтихан тапсыруы керек болған.
"Бала тоғызыншы сыныпты бітірді, мектепте айтарлықтай еш қиындық болмады, тәртібі жақсы, инклюзив білім алатын бала, сабақтан қалмайтын. Бүгін емтихан болды, келуі керек еді. Таңертең ата-анасына телефон соғып, қайғылы хабарды білдік. Басы айналып, құлап, басынан қатты соққы алған болуы мүмкін деді. Отбасына көңіл айтамыз", - деді 72-мектеп директоры Бегмат Усманов.
Оқушы өлімінің нақты себебін сот-медициналық сараптама көрсетеді.