Жыл өткен сайын елімізде имандылыққа бет бұрған жандардың қатары артып келеді. Соған сай бүгінде қасиетті Құрбан айт мерекесінде Алланың жолына құрбандық шалатындардың да қарасы молая түскен. Әрине, бұл өзгеріс көңіл қуантпай қоймайды. Әйтсе де соңғы кездері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан қанша ескерту айтылса да, Рамазан айы қарсаңында дастарқанға қойылатын азық-түліктермен қатар, Құрбан айт мерекесі қарсаңында құрбандыққа шалынатын малдың да бағасының шарықтап кетуі көңілге кірбің ұялатады. Биылғы жылы Құрбан айт қарсаңында ысырапшылдыққа жол бермей, Құрбан айттың жөн-жоралғыларын барынша сақтап, халыққа бағыт-бағдар сілтеп отырғысы келетін азаматтардың өз еркімен игі іске бастамашы болуы көңіл қуантады.
Әдетте құрбандық шалуды ниет еткен азаматтар құрбандығын балалар үйіне атап жатады. «Жерде бір жетім жыласа, көкте мың періште күңіренеді» дегендей, олар құрбандығы арқылы жетімдерге шарапатым тисе дейді. Балалар үйіне жыл сайын құрбандыққа шалынған мал етінің көп жиналатынын да естиміз. Тіпті көп жиналатыны соншалық, сақтайтын жер болмағанан кейін балалар үйінің қызметкерлері оны өзара бөліске түсіретіні жайлы да қаңқу сөздер естіліп қалады. Әрине, кімде-кім болсын Алланың разылығы үшін шалынған құрбандығының тиісті мұқтаж жандарға жеткенін, сол арқылы құрбандығының, ниетінің қабыл болғанын қалайды. Тіпті осындай қаңқу сөздерден соң шалатын құрбандығын кімге берерін білмей, мешіттерге беріп жататын да жандар кездеседі.
Күннен-күнге елімізде құрбандық шалушылар қатарының көбейіп келе жатқанын ескерсек, оларды неғұрлым ысырап болдырмай, нағыз мұқтаж жандарға жеткізу жолдарын қарастырған да дұрыс секілді. Осыған орай, Алматы қаласындағы бірқатар азаматтар ысырапшылдыққа жол берілмей, құрбандық малдың жетім-жесірлер мен нағыз мұқтаж жандарға жетуі үшін өз еріктерімен біршама іс-шараларды ұйымдастырып жатқанын құлағымыз шалды. Іздедік, таптық. Алайда олар Алланың разылығы үшін істеп жатқан істерін мүмкіндігінше жарнама жасағысы келмейтіндерін жеткізді. Біздің де басты ниетіміз жұртшылыққа олардың әрекетін дұрыс түсіндіру ғана екенін айтып өтіндік.
Дәулетбек аға, қайырымдылық шарасын ұйымдастырушылардың бірі:
– Бұл жерде басты ниетіміз пайда табу да, ұпай жинау да емес. Тек Құрбан айтта ысырапшылдыққа жол берілмей, әр нәрсенің өз жөн-жоралғысына сай жасалуын қадағалау. Мұны арнайы бір мекеме немесе бір ұйым ұйымдастырып отырған жоқ. Тек еліміздегі бірқатар азаматтар өз еркімен ұйытқы болуды көздеп отыр деуге болады. Құрбандық шалу мұсылман қоғамында үлкен мән-мағынаға ие. Құрбан деген сөздің өзі «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Яғни құрбандық шалу арқылы Аллаға жақындау. Әрине, Аллаға құрбандықтың еті тимейді, тек Алла құрбандық шалу арқылы адамдардың ниетін сынайды. Негізі, барлық адам Құрбандық шала берсе, оны жейтін ауыз табу қиынға түсетін секілді. Бұл өзі ысырапшылдыққа да әкелетін сыңайлы. Бірнеше жылдан бері Құрбан айт мерекесіне мемлекет тарапынан демалыс та беріле бастады. Мұның өзі Құрбан айтқа көңіл бөлінгенінің белгісі. Енді алдағы уақытта Құрбан айтқа қатысты көңілге кірбің түсіретін мәселелердің алдын алып, оны өз мәнінде атап өту – парызымыз. Осы орайда, біз ең алдымен, құрбандыққа шалынатын малдың бағасын бір қалыпта ұстап тұруды қадағалап, қолға алмақпыз. Биыл құрбандыққа шалынатын қойдың бағасын 25 мың деп белгілеп отырмыз. Алланың разылығы үшін күтіп-баптаған қойларын осы бағаға беретін ауылдық жерден ағайындарды да тауып отырмыз. Пайда табу мақсатында емес, баққан малдарын Алла разылығы үшін осындай бағаға бергісі келетін азаматтардың да табылуы бізді қуантады. Ислам діні ысырапшылдыққа қарсы. Жыл сайын бір қошқар құнының тіпті 70 мыңға дейін шарықтап жүргенін ескерсек, бұл баға қоғамымыздағы осындай шектен шыққан бағалардың болмауына да әсер етеді деп ойлаймын. Сонымен, кез келген құрбандық шалғысы келетін азамат біздің жігіттерімізге келіп, 25 мың теңгесін төлейді. Арнайы құрбандық мал сойылатын жерде оның атынан құрбандық мал шалынады. Қажылықтағы секілді арнайы рәсімін жасай отырып, құрбандық малдың шалынуы шарт. Одан әрі қойдың еті үш бөлікке бөлініп, бір бөлігі құрбандық иесінің отбасына, қалған бөлігі садақа ретінде таратылып, біздің жігіттер анықтаған нағыз мұқтаж отбасыларға бөлінеді. Ал ауысқан бөлігі үлкен тоңазытқышы бар арнайы орынға жөнелтіледі. Ол жерде ет шетінен уақтылы мұқтаж жандарға таратылып отырады. Бұл жұмыстар үшін ешкім ақы тілемейді, мұны ұйымдастырып жүрген азаматтар оның бәрін өз еркімен істейді.
Айта кетер жайт, ерікті азаматтар ол жерде соймай-ақ, құрбандық шалу үшін сырттан барып мал сатып алғысы келген азаматтарды да 25 мың теңгелік қоймен қамтамасыз етуді мойындарына алып отыр. Біз өз тарапымыздан мұндай бастамаға қалай қарайтынын білу үшін дінтанушы мамандарға да хабарласып көрген едік.
Досай КЕНЖЕТАЙ, философия және теология ғылымдарының докторы, профессор, дінтанушы:
– Әрине, заман сұранысына сай, мұндай іс-шаралардың ұйымдастырылуы көңіл қуантады. Соңғы кездері құрбандық шалу қарсаңында мал бағасының шарықтап кететіні, құрбандық сойылатын арнайы жер болмағаннан кейін кейде мешіт маңының қан сасып кететіні, тіпті балалар үйіне берілген еттің талан-таражға түсетініне қатысты да біршама қаңқу сөздерді естіп қалатынымыз рас. Қасиетті мереке соңының мұндай шуға ұласуы, әрине, көңіл қынжылтады. Кейде құрбандық шалушылар құрбандық малын қайда апарарын білмей жатады. Осының бәрін өз дәрежесінде тиімді ұйымдастырып отыратын азаматтар болса, нұр үстіне нұр болар еді. Өз басым бұл бастаманы қолдаймын.
Әрине, құрбандық шалу рәсімі еліміздің барлық аймағына тән. Сондықтан осы бір бастама еліміздің барлық аймағында жүзеге асып, ысырапшылдыққа жол берілмей, Алланың разылығы үшін атқарылған іс-шаралардың өз дәрежесінде өтуіне атсалысса, нұр үстіне нұр болар еді-ау!
Ысырапшылдық сауапқа жата ма?
Последние статьи автора