Нақ қазір мұсылман қауымы Ораза айттан кейін 70 күннен соң басталып, үш күнге созылатын Құрбан айт мерекесіне дайындықты бастап та кетті. Бұл мерекеде құрбандық шалынады, мал сойылады, мешіттерде айт намазы оқылады. Айттың бірінші күнінен бастап адамдар бір-бірін құттықтап, бір-бірінің үйінен дастарқаннан дәм татады. Бұл күні әр мұсылманның үйінде мол дастарқан жайылады. Жалпы, мұсылманның Құрбан айт туралы білетін негізгі міндеттері осы. Ал енді біз Құрбан айттың нақты салмағын толық сезіне алып жүрміз бе? Құрбан айт кезінде бұдан өзге тағы қандай рәсімдер жасалуы керек? Елдегі мұсылман қауымы Құрбан айтта орындалуы тиіс шарттарды сауатты түзе алып жүр ме? Бүгін біз Құрбан айт қарсаңында осы жайттарды сараптап көруді жөн көрдік.
Бағамдасақ, Құрбан айт күнгі жасалуы тиіс ең бірінші рәсім ренжіскен, араздасқан адамдар айт намазын күтпестен таң бозынан тез арада татуласуға әрекет жасауы керек. Айт күні ерте тұру, ғұсыл алу, хош иіс себу және таза киіну өз алдына, көңілде реніш, кірбің сақталмауы қажет.
Әбдіхамит МҰСАҒАЛИЕВ, дінтанушы-ғалым:
– Біздің елдегі мұсылман қауымының басым бөлігі Құрбан айтта құрбандық шалынса болды деген оймен, бұл айттың ара салмағын нақты білмей, білімсіздік танытып жатады. Жалпы, Алла тағаланы жақсы көретін адамдар бір-бірінің кемшілігін көрмейді, бәрімен тату, кең бауырлы болады. Жақсы кісі барлығымен жақсы мәміледе болып, ешкімге зиянын тигізбейді. Бұхари хадисінде нақ осы Құрбан айт күніне байланысты: «Бір-біріңмен ара қатынастарыңды үзбеңдер! Бір-біріңнен бұрылып кетпеңдер! Бір-біріңмен өштеспеңдер! Ей, мұсылманның құлдары, бір-біріңмен бауыр болыңдар! Бір мұсылманның басқа бауырмен араздасуының үш күннен асуы халал болмайды. Құрбан айт күні бір-бірімен араздасқан адамның қайсысы бірінші болып сәлем берсе, күнә кешіріледі. Демек, Құрбан айтта бірінші жасалар рәсім реніштен арылу болмақ» делінген. Міне, бұл бізге сабақ болатын дүние. Көпшілігіміз осы жайтқа назар аударғанымыз абзал. Айт күні, ең алдымен, көңілдегі реніштен арылған жөн. Басқа рәсімдерді жасамас бұрын көңілдегі ренішті кетіру, ренжіскен адамыңнан кешірім сұрау үлкен сауап болмақ.
Құрбан айтта ендігі бір ескерілетін дүние – құрбандыққа шалынар малдың өзіндік шарттарынан шатаспағанымыз абзал. Мысалы, құрбандыққа шалынар малдың ешқандай кемістігі болмауы керек. Құлағы жоқ, бір мүйізі жоқ, тістері жоқ, ақсақ, ауруы айқын болып тұрған малды құрбандыққа шалуға болмайды. Құрбандық шалып жатқан адам ең абзал болған малын шын көңілімен, шынайы жүрегімен ниеттеніп шалуы қажет. Бұдан кейін тағы бір ескерілуі тиіс нәрсе құрбандыққа күні бұрын біреуге сыйға беріліп қосса да, мал иесінің өрісінде жүрген біреуге атаған малды шалуға болмайды. Сондай-ақ түйе мен сиырды жеті адам бірігіп шалуға болады. Құрбандық міндетті түрде айт намазы оқылып болғаннан кейін шалынуы керек. Айт намазына дейін және айт намазы уақытында сойылған мал құрбандық болып есептелмейді.
Аманғали ІРГЕБАЕВ, діни рәсімдерді атқарушы ұстаз:
– Құрбан шалуды ниет еткен адам, мүмкіндік болса, сол күні еш нәрсе жемей, өзі шалған малдың етімен таңғы оразасын ашса, үлкен сауап болады. Бұдан соң құрбандықтың етін үшке бөлген абзал. Үштен бір бөлігі – өзіне жеуге, үштен бір бөлігі – сый ретінде таратуға, үштен бір бөлігі – садақа ретінде таратуға. Ислам ғұламалары құрбандыққа шалынған малдың етін, іш майын, терісін сатуға тыйым салынатындығы жөнінде бірауыздан келіскен. Сондай-ақ қасапшыға да құрбандықтың еті немесе басқа заттарынан ақы ретінде ешнәрсе беруге болмайды. Қасапшының еңбекақысы одан бөлек бағалануы тиіс. Құрбандыққа шалынған мал тек үштен бір бөлікке бөлініп үлестіріледі, садақаға беріледі.
Бұдан соң қайтыс болған адам үшін құрбан шалудың шариғат бойынша өзіндік үкімі де бар. Егер қайтыс болған адам өз дүниесінің үштен бір бөлігінен ұрпақтарына мұрагерлік өсиет етіп қалдырған болса, онда оның балаларына бұл міндетті, яғни уәжіп болады. «Ал тірі адам өлген адамның (атасы, анасы, бабасы, ағасы,т.б.) атынан өз қалауымен құрбан шаламын деп ниет етсе, бұл да сауапты және жақсы амал болып табылады және өлген адам атынан садақа болып та есептеледі» дейді мамандар.
Негізінде, Құрбан айт кезінде «құрбандық шалынып, қан шығарылса болды» деген қате түсінікпен қайсыбір қауым өте ұсақ малын да құрбан етіп жатады. Дегенмен құрбандыққа шалынатын малдың белгілі жасқа жеткен болуы шарт. Мысалы, құрбандыққа шалу үшін қой – алты айға, ешкі – 1 жасқа, сиыр – 2 жасқа, түйе 5 жасқа келуі керек. Жалпы, Құрбан айтта құрбандық шалуға қарым-қабілеті жететін қауымға осы шарттарды орындау міндеттеледі. «Ал құрбандық шалуға шамасы жете бермейтін, тұрмыстық ахуалы тым төмен мұсылман қауымы бұл күндері Аллаһқа мадақ айтып, бір-біріне кешірімді, мейірімді, тілеулес болса игі» деседі дінтанушылар.
Құрбан айт қан шығару ғана емес...
Последние статьи автора