Жазира Байырбекова тойда қыз ұзатқан Айдар Тұрғанбекті жақтап шықты (видео)
«Қарындасқа тілек» деп қыз ұзатқан «Жігіттер» тобының әншісі Айдар Тұрғанбекті Жазира Байырбекова жақтап шықты, деп хабарлайды Stan.kzтілшісі.
Әнші әлеуметтік желідегі парақшасында Жазира Байырбекованың өзі туралы айтқан пікірінің бейнежазбасын салып мақтанды. «Қарындасқа тілек» әнін барлық ұзатылған қыздың ұнатып, тойға қайта-қайта шақыратынын да жасырмады ол.
«Алғаш қарындастарымды ағалық өсиетпен ұзатқанда Жазира әпкем керемет шабыт берген еді. Жүрегі кең адам ғой, өзгеге жақсылық ойлап тұратын. Алла разы болсын сізге. Қазір міне осы "Қарындасқа тілек" әнін ұзатылатын қыздардың бәрі жақсы көріп қалып, келіп орындап беруімді сұрап жатыр. Аллаға шүкір», - деп жазды Айдар Тұрғанбек.
Ал Жазира Байырбекова өнердегі інісінің қыз ұзатқанын жақтап, өз ойын ашық айтқан. Әншінің пікірінше, Айдар Тұрғанбек секілді бұрындары қазақтың сал-серілері де қарындастарына тілек айтып, қолын ұстамаса да, ақ жол тілеп шығарып салған.
«Негізінде бұрындары жігіттер қарындасына ән айтып ұзатқан ғой, қолынан ұстамаса да сахнада тұрып ән арнаған», - деп пікір білдіріп, мысал да келтірді Жазира Байырбекова.