Заттыбек Көпбосынұлы өзіне арналған бейнебаянды көріп, ұялып кетті
Заттыбек Көпбосынұлы мен Тұрсынбек Қабатов өздеріне арналған әнге қатысты пікірлерін білдірді. Заттыбек Көпбосынұлы NUR.KZ интернет-порталына 16 жастағы Сәнім Әлбосынованың өзіне арнаған әнін алғаш тыңдап, бейнебаянын тамашалаған кезде ұялып кеткенін айтады.
"Қазақ қызына ұят, жат қылық. Әзілдің де шегі бар. Біз бұл әнді күле қабылдамауымыз керек. Бейнебаяндағы көріністер мен әннің мәтіні күлкіні келтірмейді. Жылайтын дүние. Ол қыздың ата-анасы қайда қарап отыр деп ойладым. "Атың шықпаса жер өрте болып" тұр. Әнді, бейнебаянды пиардың бір түрі деп түсіндіретін шығар. Бірақ пиардың да пиары бар. Бұл - өте ұят нәрсе", - деді Заттыбек Көпбосынұлы.
Әнші өзіне алдын ала ескертіліп, хабар берілмегенін айтады.
Әзілкеш Тұрсынбек Қабатов та тәмәм жұрттың талқысына түскен өзі жайлы әнді және оған түсірілген бейнебаянды достарынан естіпті. Бар мазмұнымен таныс. Бірақ өз көзімен тамашалауға уақыты, қызығушылығы болмапты.
"Оны мынандай екен деп айта алмаймын. Ұнады, болмаса ұнамады деп. Оған не айтуға болады? Жас қыздың шығармашылығы. Өзіне ұнаса болды", - деп аяқтады ойын.
Ал Сәнімнің продюсері, белгілі репер Шыңғыс Әлкеев "Ән арналған азаматтардың шығармашылығына қатысты сыни пікірлер бар әнде. Бұл - әзіл аралас пиар ән", - деген болатын.
Расыменде әнші қыздың бұған дейін осы өнермен айналысып жүргеніне біршама уақыт болыпты. Шығармашылығында 30-ға жуық әні мен екі әнжинағы бар.
Десе де, жас әнші мен продюсері Шыңғыстың көздеген мақсаттары орындалды деуге болады. Себебі Сәнімнің Заттыбек пен Тұрсынбек ағасына арнаған әні интернет желісінде көп қаралып, үлкен талқыға түсті.