Жанар Дұғалова: «Кем дегенде үш баланың анасы болуды армандаймын»
Бүгін «Turkvision-2014» ән байқауының жеңімпазы, әнші, актриса Жанар Дұғалованың туған күні. Талантты әнші бүгін 28 жасқа толды.
Жанар Дұғалова 1987 жылы 18 қаңтарда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Павлодар қаласында өскен. Диапазоны кең әнші. Бірінші мұғалімі — анасы. Сол үшін Жанар жастайынан әнші болуды армандаған. Алты жасында бірінші рет жетістікке жетті. Ары қарай республикалық, қалалық байқаулардан жеңіске жеткен. 2001 жылы «Жас қанат» байқауының жүлдегері атанды. Музыкалық колледждіжәне ГИТИС-ті Москвада бітірген. Өнер жолын алғаш продюсер Баян Есентаевамен кездескеннен кейін бастады. Әнші болудан басқа актерлік шеберлігі де жетерлік. «Ғашық жүрек-2″, «Махаббатым жүрегімде» фильмдерінде ойнаған.
Жан-жақты талант иесін бүгінгі туған күнімен құттықтаймыз. Әншіге зор денсаулық, бол бақыт, шығармашылық табыстар тілейміз!
Осы орайда Жанар Дұғалованың сұхбаттарында айтқан қызықты да маңызды әңгімелерін назарларыңызға ұсынамыз.
Жанар Дұғалова өнерді ерекше бағалайтын жан. Кішкентай күнінен ән айтып өскендіктен, өзінің сахнасын, өнерін үнемі бірінші орынға қояды. Осы орайда бір сұхбатында «Менің ойымша, ең бірінші «танымал боламын» деп емес, өнерімді танытамын деген мақсат қою керек. Кейбірі дарынымен, енді бірі тек тартымдылығымен әйгілі болады. Ең бастысы, сахнаға деген махаббат болуы керек деп ойлаймын. Ал қыздарға айтарым, егер бойында дарыны болса, Алла жолын ашады. Жетістіктерге тек адал еңбекпен жетуге болатындығына сенім керек. Мен үшін танымал болу мақсат емес. Әрі ол өнеріңнің жалғыз көрсеткіші емес деп ойлаймын»
Сондай-ақ, әнші махаббаттың құдіретіне сенеді. Оның ойынша махаббатсыз өмір сүрудің еш мағынасы жоқ. Жанар Дұғалова сұхбатында «Махаббатсыз өмір де, өнер де жоқ. Қандай махаббат болса да, бұрынғы, қазіргі ол ешқайда кетпейді. Үнемі адамға шабыт береді. Өнер адамы ғашық болмай тұра алмайды деп ойлаймын. Сезімсіз шабыт болмайды. Себебі, ішің бос болып тұрса, керемет ән жазу мүмкін емес. Тіпті, әнді де әдемі жеткізе алмайсың. «Махаббатсыз дүние бос» демекші, әрқашан ғашықтық сезімін бастан кешіремін. Әрқашан ғашықпын деуге болады. Ұнатып жүрген адамым бар. Ал қазір мен үшін өнерім маңызды. Аллаға сенетін, рухани бай, ақылды, сабырлы жігіттер ұнайды. Ал көркі өзім үшін тартымды болса жеткілікті. Өзгелердің пікірі мен үшін маңызды емес. Сондықтан, жүрек үніме ғана құлақ асамын. Ғашық болу керемет нәрсе. Өнерімді түсінетін, бағалайтын жігітке қана тұрмысқа шығамын. Өйткені, мен үшін отбасылық өмір де, өнерім де маңызды. Мен ана болу бақытын сезінгім келеді және осыны ерекше күтемін. Өте балажан адаммын. Мен үшін ана болу үлкен бақыт. Кем дегенде үш баланың анасы болуды армандаймын. Егер мүмкіндігім болып жатса, жетім балалаларды да асырап алуға қарсы емеспін. Қайырымдылық шараларына жиі қатысып тұруға тырысамын. Ата-анасыз, қараусыз қалған сәбилерге жүрегім қатты ауырады. Барлық сәби бақытты болуға лайық»
Әнші үнемі ата-анасына қарап бой түзейді екен. Өмірінде ата-анасының барына, сондай керемет жандарды жаратқан Аллаға әрдайым ризашылығын білдіреді. Осы орайда сұхбатында «Керемет адамдардың қызымын. Осы екі адамның махаббатынан дүниеге келгеніме ризамын. Кейде Аллама осындай керемет адамдар бергеніне қуанамын, жылаймын. Үнемі сол кісілерге қарап бой түзеймін. Әншілік қасиетім анамнан дарыған. Әкемнің есімі Асылбек. Энергетика саласында қызмет атқарған адам. Ал анамның аты Рая. Әншілік қасиетім анамнан дарыған. Қазір Павлодар қаласында хор дирижері ретінде жас әншілерге ұстаз болып жүр. Анам өзі жетпеген белестерді менің бағындырғанымды қалайды. Осы үмітін ақтауға тырысып жүрмін. Артымнан ерген Айжан есімді сіңлім бар»
Жанар адал достыққа сенеді. Өзінің жанына жақын үш құрбысы бар. «Әрине адал достыққа сенемін! Ең бірінші достыққа адал болу адамның ниетіне байланысты дер едім. Егер досыңа деген көңілің ақ, қуанышы мен қайғысына ортақ бола білсең, ішіңдегі сырыңмен еркін бөлісе алсаң, міне, бұл нағыз достық. Менің де жақын араласатын үш құрбым бар. Осындай достарымды мақтан тұтамын. Олар үшін әрдайым көмекке дайынмын, олар да қажет кезде қасымнан үнемі табылады»
Талантты әншінің ойынша адам маңдайына жазылған нәрсені көреді. Сондай-ақ, өзіндік өмірлік ұстаны бар. «Адам маңдайына жазылған нәрсені көреді. Өз басым тағдырға сенемін. Өмірлік ұстанымым — адал, дұрыс жолмен жүру. Ешкімге жамандық жасамау. Мен тағдырға өте қатты сенемін. Адам болып өмірге келгеннен кейін, адам болып қалу»-,деп жауап берді сұхбаттарында.
camode.kz сайтына берген және YouTube-тағы сұхбаттарынан алынды.