Мақсат Базарбаевтың «Музарт» тобынан кеткеніне 13 жылдан асса да, соңынан ерген қауесетке нүкте қойылмай тұр. Көпшілік Мақсат пен оның топтағы орнын басқан Кенжебектің арасындағы қарым-қатынасқа күдікпен қарайтын көрінеді. «Яғни, олардың өзара сыйластығы жоқ» – деп топшылайды екен көпшілік. Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне сұхбат берген Базарбаев, жұрттың көкейіндегі сауалдарға ашық жауап беруді жөн көрді.
«Біз туралы алып қашпа әңгімелер көп қой. Ойбай, анау бүйтіпті, Мақсат сүйтіпті деген сияқты. Мен «Музарт» тобына қазір келем десем, қазір бара аламын. Өйткені, менің орным – менің орным. Кенжебектің де өз орны бар. Өзіміздің қазақилық қарым-қатынасымыз бар. Өйткені, бұл өнер бәрімізге ортақ. Болмайтын алып қашпа әңгімеге бола, біз бір-бірімізді жаман жақтан көрсеткіміз келмейді. Мен Кенжебектің бірінші адами қасиетін сыйлаймын. Өнерін де сыйлаймын. Сондықтан екеуін қосқан кезде шынайы бауырлық қатынас бар», – дейді Базарбаев.
Мақсаттың Кенжебекке деген құрметі ерекше. Музарттың кенжесі де Базарбаевты кез-келген жерде сыйлап тұрады. Тіпті, көпшілік көкейіндегі күдікті сейілтуді көздесе керек, жақында Астанада өткен Жанәбіловтің кешінде қос әріптес бірігіп ән шырқап, халықтың қошеметіне бөленген. Дуэт жазу туралы идеяның авторы – Кенжебектің өзі екен.
«Негізі «Музарт» тобын Мейрамбек, Сәкен бәріміз өз қолымызбен құрдық. Сол топты, сол орынды мен өзім қиып, Кенжебекке беріп кеттім. Бір қазақтың баласы сахнаға шықты. Бір жағынан менің ол шәкіртім деп айтса да болады. Әуелден танитын інім, жақсы көретін бауырым. Бір күні «Мақсат аға, жеке концертімді бергелі жатырмын. Соған келіп, сіздің қатысқаныңыз дұрыс» – деп айтқанда мен қуанып кеттім. Басында жаңа дуэт жазайық деп ойладық. Кейін Тоқтар Серіковтің «Беу, балалық» атты әнін орындайық деген ойымды айттым. Концерт жүз пайыз жанды дауыста өтті. Халықтың көңілінен шықты деп ойлаймын. Ұсыныс тастаған – Кенжебек, қабыл алған – мен», – дейді Мақсат Базарбаев.
Осы уақытқа дейін Мейрамбек Бесбаев бірнеше мәрте жеке кешін өткізсе, Сәкен Майғазиев Алматыдағы зәулім сарайда бір күнде үш концертті жанды дауыста халыққа ұсынды. Күні кеше Кенжебек Жанәбілов те Астана төрінде ел алдында есеп берген еді. Ендігі кезек «Музарттың» экс-әншісі Мақсат Базарбаевқа келіп жеткен секілді. Тіпті, алдағы шоудың жоспары да құрылып қойған екен.
«Жеке кешіме осы күзде қатты дайындалып бастаған едім, бір нәрседен жүрексініп өзімді тоқтаттым. Содан кейін кеше Мейрамбек Бесбаев, Сәкен Майғазиев, Кенжебек Жанәбілов бауырларыммен ақылдасып, осы көктемде Астана қаласында беретін болдық. Ізін суытпай Алматыда береміз. Кеш қонағы ретінде «Музарт» тобын шақырамын. Жанды дауыста өтеді. Мен жанды дауыста айтқанмын, айтамын да, айта беремін де», – дейді «Музарт» тобының экс-әншісі.
Stan.kz