"Америкада жылтырап киінуге, дәулетін көрсетуге құмартпайды": АҚШ-та білім алып жүрген отандық журналист алғашқы әсерімен бөлісті
Назира Байырбек - елімізге танымал журналист, "Дарын" сыйлығының иегері. Былтыр ол "Болашақ" бағдарламасы бойынша оқуға түсіп, отбасымен бірге АҚШ-тың Нью-Йорк қаласына аттанған болатын. Stan.kz тілшісі білім қуып, мұхиттың арғы жағына асып кеткен жерлесімізбен тілдесіп, әлемнің ең алпауыт еліндегі мәдениет, білім беру саласы және әлеуметтік қолдау туралы сауалдарын қойды. Сұхбат барысында Назира сондай-ақ коронавирус пандемиясын ауыр өткеріп жатқан елдің жағдайы туралы да айналып өтпеді.
- Назира, америкалықтардан біздің үйренеріміз не?
- Әр халықтың өзінің артықшылығы, кемшін тұстары болады ғой. Мысалы, обал, сауап деген нәрселерде біздің қазаққа жететін халық бар шығар, бірақ аз. Америкалықтарға осы қасиет жетпейді. Қоқыста, жерде шашылып жатқан нанды көремін, адамдар оны алмайды, айналып кетеді. Біз енді обал деп көкейімізге түйіп өскенбіз ғой, сондықтан мен арлайнбаймын, тоқтап, шамам келгенше, нанды жинап, бір шетке қойып кетемін. Балаларыма да осыны үйретемін. Әрине, қазір коронавирус таралып жатқаннан кейін қорқасың. Дегенмен, осындайда біздің қазақтың бойындағы бекзаттықты сағынатын сияқтысың. Біздегі тазалық, адамдардың обал-сауап дегенді бірінші ойлап тұратынын. Мен тұратын Нью-Йоркте әлемнің түкпір-түкпірінен келген азаматтар, мигранттар бар. Кейбір адамдар бұл қалаға тек күн көріп, пайда табамын деп келетін сияқты. Сондықтан тазалыққа көңіл бөлмейді. Соны көріп тұрып, елге, қалаға жанын ашып кетеді. Әртүрлі мәдениет өкілдері өздерін қылықтарын осында әкеліп жатыр, сонық бәрі бір қаланың өмірінен көрініс табады.
Ал біздің үйренеріміз не дегенге келсек, Нью-Йорк әлемнің астанасы болып есептеледі. Бір Нью-Йоркте әлемнің барлық жерінен келген жұрт 800 тілде сөйлейді. Кішкентай-кішкентай аудандар, көшелер бар, басқа этностар тұрады, олар өз тілдерінде сөйлейді. Тілді зерттеушілер барлығын зерттеп, мегаполисте 800 тілде сөйлейтін халық тұратынын жазған. Бұл ел солардың барлығының тілдерінің сақталуына мүдделі, ешқандай тілдің жойылып кетуін қаламайды. Өйткені тілмен бірге мәдениет жойылып кететінін біледі, сондықтан үнемі зерттеп бақылап отырады. Америкада еркіндік басым, қай тілде сөйлегің келеді, қалай киінгің келеді, не ішкің келеді - толық еркіндік берілген. Сырттан келгендерге адамдардың осындай толық еркіндігі байқалады. Мысалы, кейбір кезде таңғалдырады. Жастар айқайлап, өрескел қылық көрсетіп жатса да, ересектердің оларға зекіп сөйлеп, қой деп жатқаның көрмейсің. Бұл да еркіндіктің көрсеткіші шығар, білмеймін. Маған ұнайтын нәрсе, бұл елде адамдар шындығымен өмір сүреді. Көп ортада болдым деп айта алмаймын, бірақ байқағаным, адамдар қалай бар, солай өмір сүреді. Жылтырап киінуге немесе дәулетін көрсетуге құмартпайды. Мысалы, көшеде, үлкен мейрамханаларда адамдар қарапайым, спорттық киім мен кроссовкиде жүре береді.
- Назира, білім жүйесіндегі ерекшеліктерді атаңызшы.
- Шынымды айтсам, қазір тіл курсында оқып жатырмын, аяқтаған соң университетке магистратураға түсемін. Әлі қандай университетке түсетінімді таңдаған жоқпын. Бір байқағаным, бұл елде балаларға перфекционистік "беске оқы, барлық сабақтан үздік бол деген талап қойылмайды. Балаларды бағалауы, мұғалімнің баламен қарым-қатынасы біздікінен басқаша. Тең дәрежеде дос сияқты сөйлеседі. Одан кейін тек қажетті пәндер оқытылады. Бұл енді үлкен тақырып, әлі де өзім зерттеп үйренуім керек.
- Ағылшын тілін жақсы меңгереу үшін күніне қанша уақыт бөлу керек? Қандай кеңестермен бөлісе аласыз?
- Мен өзім ағылшын тілін 2019 жылдың ақпан айынан бастап оқи бастадым. Ол кезде деңгейім Elementary болды. Өзімді қысқа мерзімде тілден жетістікке жеткен адам деп айта аламын, ақпанда төрт ай жатпай-тұрмай дайындалып, IELTS-тан қажет болған, 5,5 балды жинай алдым. Менің сенімім оянып, қанат бітірді. Тілді қысқа мерзімде меңгеру үшін алдыңызда нақты мақсат болу керек деп ойлаймын. Осы уақытта осыған жетемін деген. Адам баласы жай ғана маған тіл керек деп ойласа, онда асықпай жүре беруі мүмкін. Сондықтан ынталандырып, өзіне тартып тұратын мақсат болуы керек және жақын уақытқа жоспарлануы тиіс. Қысқа мерзімге қойылған меже анағұрлым ынталандырады деп ойлаймын. Тілді үйренгенде мүмкіндігінше күнделікті уақыт бөлу керек, бізде тілдік курстар аптасына 2-3 рет сабақ өткізіледі. Бір-бір жарым сағатқа созылады да, қалған уақытта студенттер жұмысына барады. Шама жеткенше күнделікті айналысу керек, ми да соған дағдыланады, жаңа сөздерді меңгеруі тез болады. Күніне кемінде 1,5 сағат айналасу керек деп ойлаймын.
- Назира, стипендияңыз жүріп-тұруға жете ме?
- “Болашақтың” стипендиясы бір адамға арнап есептеледі. Оқуға баратын қалаңдағы пәтер, жол ақысы, азық-түлік бағасы - жалпы орташа есептелген шығынды жабады. Бірақ біздің қазақтың көп қыз-жігіттері бір стипендиясын үнемдеп жеткізіп, тіпті үйіне, әке-шешесіне көмектесіп жатады. Бұл қазақтың қанында бар бауырмалдығынан шығар деп ойлаймын. Кім біледі, мүмкін басқа елдің азаматтары да сөйтетін шығар. Мұнымен айтпағым, стипендия бір адамға, тіпті үнемдеп жүмсаса бір жас отбасының күнкөрісіне жетеді. Біздің жағдайымыз бірақ басқаша. Біз көпбалалы отбасы болғаннан кейін шығынымыз көбірек. Бірақ біз сонда да ризамыз. Өйткені, балаларымыз Америкада тегін мектепте оқып, қосымша тегін тіл оқып, үйірмеге бара алады. Мұның бәрі біз үшін игілік.
- Жуырда белгілі қоғам қайраткері Омар Жәлел әйелдердің міндеті ерге қызмет ету, қатты білімге, ғылымға берілудің қажеті жоқ деген пікір айтты. Ал сіз мұхит асып, шетелде білім алып жатырсыз? Қазақ әйеліне білім қажет пе?
- Омар Жәлелді сыртынан Абайдың ілімін насихаттап жүрген, тренингтер өткізетін тұлға ретінде білемін. Бірақ бұл сөзімен келіспеймін. Орта ғасырлардан бастап еврейлер, немістер қыз балаларға арналған арнайы мектептер ашып, ұлттық идеологияны сол мектептерде оқытқан екен. Мықты ұлт болуы үшін әйелдері, аналары, қыздары мықты болу керек екенін ерте кезден жақсы түсінген. Ал көбіне әйелдердің құқын шектеп, кейбір елде сайлау құқын бермей отырған елдер бар, әсіресе, араб елдері, олар қазір не болып жатыр? Дамып жатыр ма? Техника-технология заманында қоғамға, бүкіл адамзат игілігіне қызмет ететін бір нәрсе шығарып жатыр ма? Жоқ.
Мен ойлаймын, тек білімді, дана елдер ғана білімді ұрпақ өсіре алады деп. Көп отбасыларды байқасаңыз, ер азаматтар тіршіліктің қамымен жүреді, балалардың тәрбиесі көбінесе әйелдерге байланысты. Керісінше, әйелдер білімге-ғылымға ұмтылуы керек. Мен неге қайта оқуға бел будым? Бес баланы дүниеге әкелгеннен кейін, тұрақты жұмысым бар, журналистикада өзімнің орным бар. Өйткені балаларым маған мотивация берді. Балаларым өсіп келе жатыр, байқамын, олардың талабы бөлек, интернеттен оқитын-қызығатыны бөлек. Арамызда рухани алшақтық пайда болған сияқты. Бұрын Әбіш Кекілбаев та айтқан ғой, уақыт өткен сайын рухани ықпалдастық әлсіреп жатыр деп. Сондықтан маған да балаларымның тілін табу үшін білімімді заманға сай жаңартуым керек болды. Мысалы, балаларым неге қызығады, олар нені білу керек, болашақта қандай мамандықты игеру керек? Осы тұрғыда мен оларға жол көрсетуім керек, тек қана дүниеге әкеліп қана қоймай, оларға ана ретінде жол сілтеп, бағыт-бағдар беріп, жігерлендіруім қажет. Сондықтан менің оқуға деген ықыласым уақыт өте келе арта берді.
Білім барлық кезде адамның рухани өсуіне негіз бола алмайды. Кейбір адамдар қанша жерден білімді болса да, сана-сезімі бірқалыпты қалуы мүмкін. Яғни, білімді тек ақпарат деңгейінде қалдыруы мүмкін. Менің ойымша, кез-келген жан білімді тұлға ретінде өсуге, адами тұрғыда дамуға қажет нәрсе деп түсіну керек. Қанша оқып, мейірімің болмаса, дүниетанымың кең болмаса, болашақтың қамын ойламасаң, онда алған білімнің қандай пайдасы бар? Онда ол білімің тек табыс табуға, қызметте өсуге, байлыққа жетуде ғана кәдеге мүмкін. Онда адамға берер ләззаты да аз деп ойлаймын. Сондықтан әйелдердің білімді болғаны, әсіресе ұрпақ тәрбиесінде, өте маңызды.
- Жұбайыңызға оқуға түсімен, мұхиттың ар жағында оқимын дегенге қалай қарады?
- Шетелде оқу менің жұбайымның идеясы болған. Осыдан 2-3 жыл бұрын айтып жүрді. Бірақ ол кезде мен шетелде баламен оқуғақорқатынмын. Елде күнкөріс соңында отбасы шығынын жабуға табысымды әрең жеткізіп жүргенде, шетелде қайтіп жеткіземін деп тартыншықтап жүрдім. Ақыры жолдасым мені көндірді. Екеуіміз бірге дайындалдық, бірақ мен оқуға түсіп кеттім. Ол қарсы болмады, керісінше, ол кісінің қолдауымен оқуға тапсырдым. Бір газетте бірге жұмыс істедік. Маған сеніп, алға ұмтылдырып, үнемі жігер беріп келе жатыр.
Жолдасым Мұрат Алмасбекұлының тағы бір қолдауын айтқым келіп отыр, ол өзі - киноценарист, бұрын журналист болған. Бір газетте жұмыс істедік. Өмірде алған ең үлкен марапатым, жетістігім - ол менің отбасым, ал журналистика бойынша жеткен биігім - 2013 жылы "Дарын" сыйлығының иегері атандым. Сол кезде де 2012 жылы сол сыйлыққа тапсыруға менің жолдасым түрткі болды, сен лайықсың, сенің еңбегің бар деп. Басында күліп қарадым, қайдан деп. Өйткені көп жерде награда, сыйлық алған кезде тамыр-таныстың керек екенін білемін. Әшейін магистратураға түсу үшін де бұрын орын сатып алып жататын. Құрбыларым зардап шегіп оқи алмай қалып жатты. Сондықтан мен әділдікке онша сенбейтінмін. Бірақ жолдасымның себепші болуымен, қолымнан жетектеп жүруімен "Дарын" сыйлығына құжаттарымды тапсырдым. Сонымен күресіп отырып ақырын да мен де алдым. Сондықтан жұбайыма шығармашылық адам ретінде, қарапайым адам ретінде алғысымды білдіремін.
- Назира, тұшымды сұхбатыңыз үшін рахмет! Біз сізге тек биіктерден көрініп, мақсатыңызға жете беруіңізді тілейміз!
Сұхбат алған: Жанар Жансейіт