Жаңаөзендегі жарылған үйде неше адам болғаны белгісіз - министрлік
Жаңаөзендегі жарылыс болған үйдің толығымен қираған подъезінде неше адам болғаны әзірге белгісіз. Төтенше жағдайлар министрлігі өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жаңаөзенде жарылыстан тұрғын үйдің бір подъезі толығымен қирағаны айтылды. Тұрғындардың айтуынша, ол подъезде 30 шақты адам болған. Ал сіз санамалап өткен ресми ақпарат бойынша, 14-15 адамның ғана есебі шығып тұр. Қалған адамдар қайда?» деп сұрады БАҚ өкілі.
Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі апат болған үйдің тұрғындары әлі түгенделіп жатқанын айтты.
«Жергілікті атқару органдары бойынша біз қазір бүкіл есепке алу жұмысын жүргізіп жатырмыз. Бірінші кезекте ол жердегі адамдарды құтқару бойынша тікелей жұмыс жасадық. Бізге келіп түсіп жатқан мәлімет бойынша 14 адам бар. Ал тұрғылықты мекенжайда неше адам тіркелгенін, қанша адам нақты тұрғанын анықтап жатырмыз. Соны есептеп болғаннан кейін қосымша мәлімет береміз. Ал қазіргі таңда әлі де құтқарушылар жұмыс істеп жатыр. Үйіндінің астынан тағы басқа адам табылып жатса, қосымша хабарлаймыз. Тазалау және анықтау жұмысы әлі жүріп жатыр», - деді Нұрболат Дербісов.
Айта кетейік, бұған дейін Жаңаөзендегі апат кезінде қаза болғандар саны 4 адамға жеткенін жазған едік.
Кейін облыс прокуратурасы Жаңаөзендегі жарылыстың себебін айтты.