Абай облысында Айдана (есімі өзгертілген) құрбысымен бірге жалға алған пәтердің иесін өлтіріп, аса ауыр қылмыс жасағаны үшін 16 жылға бас бостандығынан айырылған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жалғыз қыздары аса ауыр қылмыс жасағаны үшін 16 жылға сотталғанын естігенде туыстары құлағына сенбей абдырап қалған.
Айдана (есімі өзгертілген) құрбысымен бірге жалға алған пәтердің үй иесін өлтіріп, аса ауыр қылмыс жасағаны үшін 16 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол отбасындағы еркелеп өскен сүйікті де жалғыз қызы еді. Алайда, сол ерке қыз жеңіл ақшаның соңынан еріп, жазықсыз адамды өлтіргені үшін бас бостандығынан айырылды.
– Менің уайымсыз өмірім мен жеңілтектігім алыс жерге апармады… Мен отбасымда жалғыз баламын, мені еркелетіп,мәпелеп, бетімнен қақпай өсірді. Енді міне, 16 жылға бас бостандығымнан айырылдым, өмірдің мәнін осында ғана түсіндім, жаныма жақын жандар, ата-анам туралы енді ғана ой түйдім. Осы жерде ғана мен бір нәрсемен айналысу керектігін, өткеніме қарасам ештеңе істей алмайтынымды түсіндім, тіпті менің білімім де жоқ. Тек осында ғана тігін тігуді үйреніп, жұмысқа орналастым. Алғашында тігін шеберханасына қолмен неше түрлі ұсақ-түйек жұмыстарды орындағанға қабылдандым, яғни, түйме тігетінмін. Ал уақыт өте тәжірибе жинап, шеберлігімді арттырдым. Ал қазір тігін цехында бес жылдан астам жұмыс істегеннен кейін кез келген тапсырысты шеберлікпен орындаймын.
Мен бостандыққа шыққан кезде де жұмысымды жалғастырамын деп сеніммен айта аламын. Біз тігін цехындағы жұмысымызға жауапкершілікпен қараймыз. Әрине, бәрі бірден бола бермейді, алайда еңбекқорлық пен еңбек бәрін жеңбек. Енді осы жұмыс арқылы менің ата-анама қандай да бір жолмен қолдау көрсетіп, көмектесуге мүмкіндігім бар, – деп сотталған жұмысы жайлы пайымдап берді.
Сотталғандарды тәрбиелеудің негізгі құралы тек жазаны өтеу режимі. Тәрбиелік ықпал және қоғамдық пайдалы еңбек ғана емес, сонымен қатар бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім алу.
Сотталғандардың түзелуінің көптеген критерийлердің бірі, олардың оқу-тәрбие процесіндегі оң динамикасының көрсеткіші – еңбек.
Абай облысындағы әйелдер колониясында “Еңбек-Семей” республикалық мемлекеттік кәсіп орнының тігін цехына 60 сотталған әйел жұмысқа орналасып, қазіргі таңда ҚР ІІМ қызметкерлерінің бекітілген үлгісіне сәйкес, қызметтік киімін тігуге тапсырысты орындап келеді.
– Оқытуды ұйымдастыру және оларды одан әрі жұмысқа орналастыру сияқты сотталғандарды түзеу шаралары мекеме әкімшілігінің тәрбие жұмыстарына, қайта тәрбиелеуге, жалпы қабылданған нормаларды енгізуге, оның ішінде сотталғандарды босатылғаннан кейін әлеуметтік бейімдеуге ықпал етеді. Сонымен қатар сотталғандар үшін атқару парақтары бойынша өтеу және туыстарына материалдық көмек көрсету мүмкіндіктер береді. Ал бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейін осында алған білімі, кәсібі, шеберлігі бар әйелдер өз бетінше жұмысқа орналасып, қоғамда емін-еркін араласып, жаңа өмірге қадам басады, – деп түйіндеді Гүлназ Балтабаева.
Сотталғандарды жұмыспен қамту және бас бостандығынан айыру орындарында жұмыс орындарын ұйымдастыру жұмыстары жалпы мемлекет үшін басымдық нысаны болып саналады.