Ресей бюджетінде қаңтар айының қорытындысы бойынша 1,76 трлн рубль (25 миллиардтан астам АҚШ) тапшылық пайда болды. Бұл Ресей Федерациясының Қаржы министрлігі жариялаған статистикадан белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай рекордтық тапшылық 1998 жылдан бері Ресейде тіркелмеген. Қаржылық кірістің үлкен деңгейде төмендеуінің себебін министрліктің өзі ішінара салық жинаудың жаңа схемасына – бірыңғай салық шотына көшуге байланысты түсіндірді. Сонымен бірге қаржы министрлігі Мұнай мен газды сатудан түскен кірістің өткен жылмен салыстырғанда 46%-ға төмендегенін мойындады. Бұл Itals маркалы мұнай бағасының төмендеуімен және газ экспортының азаюымен тікелей байланысты. Өткен жылы Ресей газын Еуропаға жеткізу 2000 жылдан бері ең төменгі деңгейге жетті. Одан бөлек өз кезегінде бюджет шығыстарының 59%-ға (3,1 триллион рубль) ұлғаюы да қордағы ақшаның жетіспеушілігіне әсер еткен.
Публицист әрі экономист Максим Блант «Америка дауысы» басылымына берген сұхбатында Ресей бюджетінде пайда болған «үлкен тесіктің» бірнеше себебін түсіндірді. Оның пікірінше, бұл – Батыс санкцияларының жұмыс істейтінінің дәлелі және олардың тиімді болғаны.
«Бюджеттің айрықша тапшылығы да пайда болды, өйткені шығындар өткен қаңтардағыдан бір жарым есе дерлік өсті. Ал кірістер шамамен бір жарым есе азайды. Табыстың құлдырауы соғыс басталғаннан кейін Ресей мұнайының жеңілдікпен сатыла бастағанынан туындайды. Ал 5 желтоқсанда Теңіз мұнайының баға шегі күшіне енген кезде, барлық бюджеттік аударым есептелетін Itals маркасының бағасы шамамен 70%-ға төмендеді. Сонымен қатар өзге де кірістер азайды, өйткені Қаржы министрлігі өткен жылдың соңында бәрінен барынша көп салық сыпырып алған болатын», - деп атап өтті Максим Блант.
Оның талдауынша, бұл тәсілді енді қайта қолдануға болмайды, өйткені кәсіпорындарда ақша қалмаған.
«Қысқасы, соғыс – қымбат нәрсе, ал күтпеген шығындар темекіден шыққан түтін сияқты кете береді. Қаржы министрлігі шығындардың өсуін жыл басында көптеген келісімшарт жасалып, көп аванс төленгенімен түсіндіреді. Және бұл «қорғанысқа» байланысты екенін айтады. Ал онда көп нәрсе анық емес», - деді ол.
Бюджеттің тапшылығы қазіргіден де жаман болады дейді экономист.
«Ұлттық әл-ауқат қорының (ҰӘҚ) жағдайы да мәз емес. Қаржы министрлігі онда сақталған барлық қаражатты шетел валюталарында, соның ішінде юаньда сатты, бірақ ол тек 54 миллиард рубльді құрады. Ал бюджет тапшылығы қаңтар айында ғана 1,76 триллион рубль болды. Содан кейін тағы үш тонна алтын сатылды. Бұл – шамамен 15 миллиард рубль. Дәл осылай көрінетіні өткен жылы түсінікті болды. Қазір құтқаратын жалғыз нәрсе – ақшаның қамтамасыз етілмеген эмиссиясы. Адамдарға, бизнеске, қаржы секторына жеткенде дүрбелең басталады. Оны соғыстың басындағы жағдаймен салыстыруға болады. Эмиссия бағаның өсуіне немесе тапшылыққа әкелетіні анық», - деді Максим Блант.
Экономикалық талдау орталықтары қауымдастығының президенті Олег Буклемишев мұндай үлкен бюджет тапшылығы бірінші кезекте шығындардың өсуіне, кірістердің төмендеуімен байланысты екеніне сенімді. Оның ойынша, Ресей экономикасы мұндай шығындарды көтере алмайды.
«Стокгольм бейбітшілік мәселелерін зерттеу институтының ақпаратына сүйенсек, Ресей 2021 жылы ЖІӨ мөлшеріне қорғаныс шығындарының үлесі бойынша АҚШ пен Қытайдың алдына шығып кетті. Яғни, біз жақын арада Кеңес Одағының кебін киеміз. Бұл (мұндай шығындар) қазіргі Ресей экономикасы үшін және, тиісінше, елдің салық жүйесі үшін көтере алмас жүкке айналады», - деді ол.
Ресми мәліметтерге сәйкес, Ресей Федерациясының соғысқа дейінгі, яғни 2021 жылғы қару-жарақ шығындары 65,9 миллиардты құрады. Бұл ЖІӨ-нің 4,1% құрайды, бұл алдындағы жылмен салыстырғанда 2,9%-ға көп көрсеткіш. Сонымен қатар Ресей бюджетіне қатысты мәліметтер ашық емес, сондықтан әскери салаға жұмсалатын шығындардың шынайы мөлшерін өлшеу мүмкін емес.