«Самұрық-Қазына» 2023 жылы Қазақстанда 1,2 млрд теңгеге 8 аутизм орталығын ашады
Елімізде «Самұрық-Қазына» АҚ мен «Қазақстан халқына» қорымен бірлесе, аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған 8 орталық ашылып, 1000 баланың еміне жағдай жасалады. Олардың алғашқылары Дүниежүзілік аутизм туралы ақпараттандыру күніне орай Шымкент және Павлодар қалаларында қолданысқа берілді.
Жалпы «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры арққылы 1 млрд 215 млн теңге бөлінген орталықтар жыл соңына дейін тағы Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Жетісу облыстарында және Алматы қаласында ашылады.Жыл сайын бұл нысандарда 1,5-тен 18 жасқа дейінгі балалар мамандардың көмегін тегін ала алып, олардың ата-аналарына қолдау көрсетіледі.
Орталықтарды жабдықтау мәселесінде, аутист балалармен жұмыс істеу ерекшелігін ескере отырып әзірленген, үй-жайларды жобалаудың бірыңғай тұжырымдамасы мұқият қаралды. Аутизм спектрі бұзылған балаларды оңалтуда жаңа жабдықтар қолданылады: интерактивті және сенсорлық бөлмелер, роботерапия және басқа технологиялар. Балалармен қарым-қатынаста EN және ISO халықаралық талаптары мен стандарттарына сәйкес келетін берік, қауіпсіз және жылжымалы жиһаз қолданылады. Сонымен қатар, Nao және Furhat атты роботтар мамандарға балаларды тұрмыстық дағдыларға үйретуге, диалог құруға, зейінді дамытуға арналған жаттығулар өткізуге, сондай-ақ кеңістіктегі қозғалысқа көмектесетін болады.
«Аутизмі бар бала асырап отырған әр ата-ана үшін бұл орталықтардың маңыздылығы зор. «Қамқорлық» орталықтары «Самұрық-Қазына» және «Қазақстан халқына» қорларының ынтымақтастығының арқасында ең замануи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл жерлерде жоғары деңгейде дайындалған мамандар балаларға көмек көрсетеді. Бірлескен еңбегімізді ата-аналар тарапы лайықты бағалайды деп ойлаймын. Біздің мақсатымыз - елдің барлық өңірін қамти отырып, ерекше балаларды жақын жерден қолжетімді әрі тиімді оңалтумен қамтамасыз ету», - деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау бойынша басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.
«Қазіргі таңда аутизм спектрі бұзылған балалар тәрбиелеудегі ата-аналарға мамандардың көмегі қолжетімсіз немесе қалтасы көтермейді. «Қамқорлық» орталықтарының ашылуы аутизмнің ауыр түрлерімен ауыратын балаларға олар тұратын жерде ұзақ мерзімді көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Біз «Самұрық-Қазына» және «Қазақстан халқына» қорларына осындай маңызды әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткендеріне алғысымызды айтамыз», - деп атап өтті«Қамқорлық қоры» корпоративтік қорының директоры Арайлым Еркінова.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сәйкес, Шымкентте аутизм спектрі бұзылған 220-дан астам, Павлодар облысында 300-ден астам бала тіркелген. Аутизм ең алдымен әлеуметтік өзара әрекеттесу тұрғысынан қиындықтармен, оқытудың ерекше тәсілдеріне мұқтаждықпен және сезім мүшелерінің ақпаратты өңдеудің өзгеше әдісімен сипатталады.