Қытайдың Сиань қаласында Қазақстанның логистика орталығы ашылады
Қытайдың Сиань қаласында құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығы ашылады, деп хабарлайды Ақорда.
Орталықтың іргетасын қалау рәсіміне Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.
"Еліміз соңғы 15 жылда бұл салаға 35 миллиард доллар инвестиция салды. Ляньюньган портында қазақ-қытай логистика орталығын құрдық. Жаңа теміржол бағыттарын аштық. "Қорғас – Шығыс қақпасы" құрғақ порты жұмыс істей бастады. Каспий теңізінде заман талабына сай инфрақұрылым жасалды", - дейді президент.
Былтыр Қазақстан мен Қытай арасында теміржол арқылы 23 миллион тонна жүк тасымалданған. Президенттің айтуынша, биыл бірінші тоқсанда жүк транзиті 35 пайызға артып, 7 миллион тоннадан асты.
“Алыс-берісті одан әрі дамыту үшін қосымша инфрақұрылым қажет. Сондықтан қытайлық әріптестермен бірге Сиань қаласындағы құрғақ портта логистика орталығын салу керек деген шешім қабылдадық. Бұл хаб Шэньси аймағын Қазақстанмен, Орталық Азиямен байланыстырады. Әрі қарай Еуропаға, Түркияға және Иранға жол ашады. Жобаның толық іске қосылуы екі елдің ынтымақтастығына тың серпін береді деп сенемін", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келесі жылдан бастап құрғақ порт арқылы электроника, компьютер бөлшектері, автомобиль мен автобөлшек, тоқыма бұйымдары, киім-кешек, аяқкиім мен аксессуарлар, азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнімдері, құрылыс өнімдері мен құрылыс материалдары, сондай-ақ руда, металл және химиялық өнім тасымалдау жоспарланып отыр.