Қазақстанда жер комиссиялары институты таратылады. Бұл бастама жер учаскелеріне құқық берудің электрондық форматы енгізілгеннен кейін іске асырылады.
Сенат бүгін осындай заң жобасын қабылдады. Атап айтқанда, республикалық маңызы бар қалалардың, Астананың, облыстық және аудандық жер учаскелеріне құқық берудің электрондық форматы енгізілетін болады. Ол "электронды үкімет" веб-порталы арқылы іске асады. Онда жариялы түрдегі кадастрлық карта арқылы қала құрылысы мен мемлекеттік органдардың өзге де мәліметтерін цифрлық ақпарат түрінде көруге болады. Сондай-ақ, заң жобасында жер учаскелеріне қатысты құжаттарды қарау және келісу ұзақтығы 1 жылдан 30 күнге дейін қысқарту қарастырылған.