Қазақстан Мәскеудегі әскери шеруге қатыса ма
Бұл сұраққа ҚР Қарулы күштері бас штабы жедел жоспарлау департаменті бастығының орынбасары Дәурен Абдуллин жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Баспасөз мәслихатында тілшілер бас штаб өкілінен «Қазақстанда 9 мамырға орай әскери шеру өтпейтіні белгілі болды. Бұл Қазақстан Ресей астанасында өтетін дәстүрлі парадқа қатыспайды дегенді білдіре ме?» деп сұрады.
«Қорғаныс министрлігі үнемдеуге байланысты аталған шараға шығындайтын бюджет қаражатын әскердің жауынгерлік дайындығы мен ұтқырлығын арттыруға бағыттайды. Мәскеудегі парадқа қатысу мәселесіне келсек, қазіргі таңда Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының әріптестігінің күн тәртібінде ондай мәселе тұрған жоқ», - деп жауап берді Дәурен Абдуллин.
Еске салайық, бұдан бұрын Қорғаныс министрлігі 7 мамыр – Отан қорғаушы және 9 мамыр – Жеңіс күні мейрамына орай елімізде әскери шеру өтпейтінін мәлім еткен.