Білім министрлігі Қазақстан мектептерінде оқу жылының аяқталуы және аттестаттау өткізу мерзімдері көрсетілген бұйрық жобасын дайындады. Бірақ мерзімдер қоғамдық талқылау кезінде өзгертілуі мүмкін, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бұйрық меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан орта білім беру ұйымдарында 2022-2023 оқу жылын аяқтауды ұйымдастыру мақсатында әзірленген. Жоспарға сәйкес, орта білім беру ұйымдарында оқу сабақтары 31 мамырда аяқталады.
9 (10) сынып оқушылары үшін емтихан тапсыру 2 маусым мен 13 маусым аралығында өткізіледі.
11 (12) сынып оқушылары үшін мемлекеттік емтихан тапсыру 5 маусым мен 19 маусым аралығында өткізу жоспарланған.
Жоба қорытынды аттестаттау мерзімін белгілейді.
9 (10)-сынып оқушылары үшін:
1. қазақ/орыс тілі және өзбек/ұйғыр/тәжік тілінде білім беретін мектептер үшін ана тілі (оқыту тілі) бойынша эссе нысанында жазбаша емтихан, гуманитарлық цикл пәндерін тереңдетіп оқытатын мектеп білім алушылары үшін жазбаша жұмыс (мақала, әңгіме, эссе) – 2 маусым;
2. математика (алгебра) бойынша жазбаша емтихан (бақылау жұмысы) – 6 маусым;
3. орыс/ өзбек/ ұйғыр/ тәжік тілінде оқытатын сыныптарда қазақ тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан (мәтінмен жұмыс, мәтін бойынша тапсырмаларды орындау) және қазақ тілінде оқытатын сыныптарда орыс тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан (мәтінмен жұмыс, мәтін бойынша тапсырмаларды орындау) – 9 маусым;
4. таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан (физика, химия, биология, география, геометрия, Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы, әдебиет (оқыту тілі бойынша), шет тілі (ағылшын/француз/неміс), информатика) – 13 маусым;
11 (12) сынып оқушылары үшін:
1. қазақ/орыс тілі бойынша және өзбек/ұйғыр/тәжік тілінде білім беретін мектептер/сыныптар үшін ана тілі (оқыту тілі) бойынша жазбаша емтихан – 5 маусым;
2. алгебра және анализ бастамалары бойынша жазбаша емтихан – 8 маусым;
3. Қазақстан тарихы бойынша ауызша емтихан – 12 маусым;
4. орыс/өзбек/ұйғыр/тәжік тілдерінде оқытатын мектептерде/сыныптарда қазақ тілі мен әдебиетінен және қазақ тілінде оқытатын мектептерде/сыныптарда орыс тілі мен әдебиетінен жазбаша емтихан – 15 маусым;
5. таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан (физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзілік тарих, құқық негіздері, әдебиет (оқыту тілі бойынша), шет тілі (ағылшын/француз/неміс), информатика) –19 маусым.
Қазір бұйрық жобасы 2 наурызға дейін жалғасатын қоғамдық талқылауға ұсынылған.