Испан моделі әлемдік элитаның каннибализммен айналысатынын айтты
Telegram чаттарында көшеде айқайлап, жылап тұрған бойжеткеннің кадрлары тарады. Онда бұл танымал испан моделі, ол өзін каннибализм мен кісі өлтірумен айналысатын белгісіз беделді адамдар ұрлап кетті деп айтып жатыр. Не болғанын түсіндіріп өтейік, - деп хабарлайды Alashainasy.kz stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.
Видеодағы бойжеткеннің есімі – Габриэла Рико Хименес. Бұл кадрлар 2009 жылы түсірілген және Желіде кеңінен тарап, көптеген қауесеттің тарауына сеп болды.
Алайда, іс жүзінде Габриэль Рико Хименес туралы мәлімет жоқ. Ол танымал модель деп те айта алмаймыз. Желіде ол туралы ешқандай ақпарат жоқ және оның баршаға қолжетімді фотосуреттері атышулы видеоның кадрлары болып табылады.
Испан бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Габриэла Рико Хименесті бейнеролик түсірілген күннің қарсаңында полиция тұтқындаған. Оған тас жолда қоғамдық тәртіпті бұзды деген айып тағылды, бірақ кейіннен ол босатылды.
Видеоның соңында бойжеткенді тағы да полиция алып кетеді. Одан әрі онымен не болғаны белгісіз.
2017 жылы Габриэла Рико Хименес есімді 29 жастағы әйел көшеде кезіп жүрген күйінде табылған. Ол адасып, қайда тұратынын да білмеген. Бәлкім, осы кісі мен атышулы видеодағы психикалық ауытқуы бар бойжеткен екеуі бір адам шығар.
Қорыта айтқанда, видео сенімді ақпарат көзі болып табылмайды. Онда көрсетілген бойжеткен психикалық ауруға шалдыққан немесе есірткі заттарының әсерінде болуы мүмкін.
Оның сөзіне келетін болсақ, ол рептилоидтар туралы қастандық теорияларынан, каннибализммен айналысатын құпия әлемдік элитадан және «Олар ханшайымдар мен Микки Маусты өлтірді» деген мағынасыз сөйлемдерден тұрады.
Ол осы теориялар туралы Желіден оқыған немесе басқа дереккөздерден естіген болар. Бойжеткен айтқандарына ешқандай дәлел келтірмейді.
Демек, таралған видеоға сенудің қажеті жоқ.