Фермерлер мен шаруа қожалықтарына гламур кэмпинг салуға рұқсат беріледі
Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев туризмнің глэмпинг (гламур+кэмпинг) бағытын дамыту туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ауылдық жерлерде кэмпингтер мен қонақ үйлер құру бойынша заңнамалық шектеулер бар. Статистика бойынша елімізде 219 мың фермерлік, шаруа қожалықтары бар. Осы орайда фермерлерге ауыл шаруашылығы жерлерінің 10%-дан аспайтын көлемін туристерге қызмет көрсету үшін қонақ үйлер мен глэмпингтер салуға рұқсат беруді ұсынамыз», - деді Ержан Еркінбаев туризмді дамыту мәселелері жөніндегі көшпелі алқа отырысында.
Министрліктің болжауынша, фермерлік шаруашылықтардың кем дегенде 1% туристерді орналастырумен айналысса, кем дегенде 2 адамды жұмысқа алса, жыл сайын 6,6 мың адам жұмыс орнымен қамтылады.
Өткен жылы еліміздің 8 өңіріде (Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан облыстары, Алматы, Шымкент қалалары) 28 глэмпинг кешені ашылған. Жақын арада осындай кешендер «Алтын емел» ұлттық паркінде, Қарқаралы ауданында пайда болады. Сондай-ақ Ақтөбе, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстарында осындай нысандардың құрылысы жоспарланған.
«Мысалы, агротуризм нысандары Францияда, Германияда, Австрияда, Аргентинада, Беларуссияда туристер арасында өте танымал», - деді вице-министр.