Димаш Еревандағы концертінде тосын сый жасап, өнер сүйер қауымды таң қалдырды
Әлемге танымал жерлесіміз, әнші Димаш Құдайберген Армения астанасы - Ереванда Stranger шоуын ұсынды. Концерті барысында ол армян халқының әні "Сарери овин мернемді" орындап, жұртты аяғынан тік тұрғызды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Тау халқына арналған бұл ән армяндардың әнұраны іспеттес десе де болады. "Тау самалы керек маған" немесе тікелей аудармасы: "Тау самалы үшін өлуге дайынмын" деп аталады.
Концертке жиналған қауым ән әуені естілгеннен-ақ есі кетіп, таң қалды. Өздерінің атақты халық әнін Димаштың орындауында естігендеріне қатты қуанышты екендіктерін жасыра алмай, аяғынан тікесінен тік тұрған күйде жұрт "Браво" деп ұзақ қошемет көрсетті. "Мықты тосын сый жасады Димаш, бізге", деп шуласты концерттегі қауым.
Димаш армян халқының бұл әніне өзінше аранжировка жасап, музыкалық сүйемелдеуге домбыраны да қосқанын баса айта кетелік.
Айта кетсек, Димаш Құдайбергеннің концерттік туры 6 мамырда Түркияда жалғасады.