Атырау мұнай өңдеу зауытының құрылыс алаңында жұмысшы жарақат алып, ол ауруханада көз жұмды деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бұл деректі Атырау мұнай өңдеу зауытының қоғаммен байланыс бөлімі растады.
«Атырау мұнай өңдеу зауыты 3 наурызда кәсіпорын аумағында құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан қосалқы мердігер компаниялардың бірінде жазатайым оқиға болғанын хабарлайды. Оқиға механикалық тазарту қондырғыларының құрылыс алаңында жүк көтергіш техниканы маневрлеу кезінде болған. Қосалқы мердігер компанияның зардап шеккен жұмысшысы облыстық аурухананың травматология бөлімшесіне жедел жеткізілді. Кейін жұмысшы алған жарақаты салдарынан ауруханада көз жұмды», – деп хабарлады зауыттың қоғаммен байланыс бөлімінен.
Қазір болған оқиғаның мән-жайы мен себебі анықталып жатыр.
Облыстық экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, былтырғы 9 айда Атырау мұнай өңдеу зауытына 4 рет жоспардан тыс тексеру, 1 профилактикалық бақылау жүргізілген.
«Биологиялық тазарту қондырғысынан құрамында үлкен концентрацияда биошламы бар сарқынды өндірістік су ағызғаны үшін 31 млн 233 мың теңге айыппұл салынды. Қоршаған ортаға эмиссиялардың нормативтерін асыруға қатысты 4 заң бұзушылық анықталып, салынған айыппұлдың көлемі 55 млн 949 теңгені құрады. Өткен жылы Атырау мұнай өңдеу зауытына экологиялық заңдылықтың талаптарын бұзғаны үшін 100 млн 672 мың теңге әкімшілік айыппұл салынды», – деп хабарлаған болатын департаменттің баспасөз қызметінен.