Атырау дәрігерлері науқасқа күрделі ота жасап, 15 келі ісікті алып тастады
Атырау дәрігерлері науқасқа күрделі ота жасап, 15 келі ісікті алып тастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атырау облыстық Онкология диспансерінде қатерлі ісікке шалдыққан науқасқа күрделі ота жасалды. Дәрігерлер отаға дейін науқасқа ретроперитонеум саркомасы диагнозын қойған.
«Онкология диспансеріндегі күрделі отаны жасаған хирургия бөлімінің меңгерушісі Мақсат Шәмшенов пен облыстық Кардиоорталықтың қан тамырлар хирургі Ерлан Мәдешев жасады. Хирургтерге ассистенттер Мерей Қазғалиев пен Мақсат Туғанбаев, Мейрамгүл Игібаева, анестезиолог Алиакбар Имаматдинов көмектесті», - деп хабарлады диспансерден.
Науқасқа жасалған күрделі ота ортаңғы лапаротомия деп аталады. Хирургтер анастомоздарды қою арқылы науқастың денесінен бірнеше ісікті алып тастаған. Оның ішінде сыртқы мықын артериясы мен сол жақтағы несепағардың төменгі үштен бір бөлігін резекциялау арқылы алынған үлкен ретроперитонеальды ісіктер бар. Ең үлкен ісіктің салмағы – 15 келі.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 53 жастағы әйелдің жатырынан 8 келі миома алынғанын жазған болатынбыз.
Ота облыстық ауруханада жасалды. Гинекология бөлімшесінің меңгерушісі Жанаргүл Бекенованың айтуынша, 53 жастағы әйелге «Жатырдың алып миомасы. Түйін некрозы, орташа анемия» диагнозы қойылған.
«Ауруханаға келгенде науқас ішкі ағзасы ауырып тұрғанын айтты. Жүрегі айнып, құсқан. Ағзасында әлсіздік, бас айналуы байқалған. Жыныс жолынан қан кеткен. Осындай шағымға байланысты науқасты толық тексеруден өткіздік. Тексерудің қорытындысымен науқастың жатырына ота жасалып, салмағы 8 келі миоманы алынып тасталды», - дейді Жанаргүл Бекенова.