Ақпанда күн райы қалай құбылады
Синоптиктер ақпан айына арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Қазгидромет" РМК ұсынған болжам бойынша, ақпанның бірінші онкүндігінде республиканың оңтүстік жартысында күн жылы және жауын-шашынды болады. Оңтүстік циклондардың жиі шығуы қарқынды жауын-шашынның түсуіне әкеледі, Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы таулы аудандарында қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) болжанды.
Ауа температурасы түнде -2+5°С-қа дейін, күндіз +5+12°С-қа дейін жоғарылайды. Онкүндіктің соңында қайтадан түнде -3-15°С-қа дейін, күндіз 0,+8°С-қа дейін салқындайды.
Болжамға сүйенсек, еліміздің батыс аймақтарына солтүстік-батыс циклонмен байланысты атмосфералық фронттар әсер етеді, бірінші онкүндікте батыс аймақтардың тұрғындарын ауа-райының тұрақсыз сипаты, жаңбыр мен жылбысқы қар түріндегі аралас жауын-шашын мен екпінді жел күтеді.
Ауа температурасының күндізгі фоны -3+5°С шегінде болжанады.
"ҚР қалған аймақтарында бірінші онкүндіктің бірінші жартысында Сібір антициклонының әсерімен аязды, негізінен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Кезеңнің екінші жартысында Сібір антициклоны әлсірейді, Жерорта теңізі аудандарынан циклон республиканың солтүстік-батысына қарай жылжиды, еліміздің солтүстік жартысында атмосфералық фронттардың күшеюімен қар жауып, бұрқасын соғады, желдің күшеюі 15-25 м/с дейін болжанады"."Қазгидромет" РМК
Ауа температурасы жоғарылайды:
еліміздің солтүстігінде түнде -20-28°С-тан -15-20°С-қа дейін, күндіз -8-18°С-тан -5-10°С-қа дейін;
орталық аймақтарда ауа температурасы түнде -13-28°С-тан -7-15°С-қа дейін, күндіз -7-12°С-тан -1-7°С-қа дейін ауытқиды;
еліміздің шығысында ауа температурасының басым фоны түнде -15-28°С, күндіз -5-15°С шамасында болжанады.
Ауаның орташа айлық температурасы республиканың басым бөлігінде норма шамасында, Шығыс Қазақстан облысында, Абай облысының басым бөлігінде, Павлодар облысының солтүстік-шығыс жартысында, Маңғыстау облысының оңтүстік-шығысында, Ақтөбе облысының қиыр оңтүстігінде, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының оңтүстік жартысында және Жетісу облысының оңтүстік-шығыс жартысында нормадан 1° жоғары болады деп күтілуде.
Осы жылдың ақпан айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде норма шамасында, Түркістан, Жамбыл облыстарында, Қызылорда, Алматы облыстарының басым бөлігінде, Шығыс Қазақстан облысының оңтүстік-шығыс жартысында, Абай облысының қиыр оңтүстік-шығысында және Жетісу облысының оңтүстік-шығыс жартысында нормадан көп болады деп болжануда.
Ақпанның екінші және үшінші онкүндіктерінде республика бойынша ауа-райының тұрақсыз сипаты болжанады: еліміздің басым бөлігінде негізінен қар аралас бұрқасын, ҚР оңтүстігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар), тұман, көктайғақ болжанады.
Ауа температурасы:
еліміздің батыс өңірлерінде түнде -15-25°С-тан -7-15°С-қа дейін, күндіз -5-10°С-тан -5+5°С-қа дейін;
республиканың солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде түнде -20-30°С-тан -10-15°С-қа дейін, күндіз -10-15°С-тан -2-7°С-қа дейін;
ҚР оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында түнде -10-18°С-тан 0,-5°С-қа дейін, күндіз 0,-5°С-тан +3+10°С-қа дейін.