Алматының экс-әкімі Байбектің немен айналысып жүргені белгілі болды
Nur Otan (Қазіргі Amanat) партиясы төрағасының бұрынғы орынбасары Бауыржан Байбек Любек Колизейінде пианист Эвелинда Тренкнердің бюстінің ашылу салтанатында төбе көрсетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мұндай ақпаратты және шарада түсірілген суретті неміс ақпарат құралдары жариялады. Олардың жазуынша, Байбек іс-шараға арнайы қонақ ретінде қатысқан, өйткені ол ескерткіштің орнатылуын қаржыландырған.
Жергілікті тілшілердің дерегінше, бюст – мүсінші Клаус Герцтің қазақстандық саясаткер Бауыржан Байбектің демеушілігімен жасаған жұмысы. Ол Байбекке жас кезінде аспапта ойнауды үйреткен Эвелинда Тренкнердің құрметіне жасалған.
Бюстің ашылу салтанаты 2023 жылдың ақпанында өткен.
Эвелинда Тренкнер – композитор және дирижер Вернер Тренкнердің қызы. 8 жасында ол өзінің алғашқы концертін берді. Таланты оны бүкіл әлемге әйгілі етті, концерттері тіпті КСРО елдерінде өткен.
Бауыржан Байбек 1994-1998 жылдары "Болашақ" бағдарламасының стипендиясы бойынша Германияда болған. Онда ол алдымен референт, Қазақстанның Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулдығында мәдениет атташесі, содан кейін елшіліктің экономикалық бөлімінде үшінші хатшы болып жұмыс істеген.
Айта кетейік, өткен жылы қызметінен босағаннан кейін Байбек еш жерде төбе көрсеткен емес. Соңғы рет желіде оның Солтүстік Кипрде демалып жүрген сәтіндегі суреттері тараған.