Алматыда «Тұлпар» базары қайта күрделі жөндеуден өтеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Алматы әкімі Ерболат Досаевпен кездесуге келген Алмалы ауданының тұрғындары базардың дәл қазір жөндеуге жабылғанын құптамайды. Саудагерлер жыл соңына дейін жұмыс істеуге мүмкіндік берілсін деп отыр.
«Біздің базар модернизацияланады екен, сондықтан 1 сәуірге дейін орындарымызды босатуды сұрайды. Сыртқы жағдайларды ескере отырып – пандемия, логистика мен сауда байланыстарының бұзылуы салдарынан базардағы жұмысты 2023 жылғы 31 желтоқсанына дейін ұзартуды сұраймыз. Бізбен көршілес заңсыз жұмыс жасап жатқан базар бар, ол жаңармайды әрі басқа жаққа көшпейді»,-деді кәсіпкер.
Қала әкімі Ерболат Досаев та, Алмалы ауданының әкімі Ержан Сейтенов те бұл жолы базардың нақты уақытша жабылатынын ескертті. Өйткені, осы уақытқа дейін жаңғырту жұмыстары 4 рет өзгертілген екен.
«Базарлар иелерімен модернизациялауды бастау туралы жасалған барлық келісімдер заң жүзінде сақталуы тиіс. Базар иелері модернизация жүргізуге ақша салулары қажет, бұл Тұлпар базарына да қатысты.
Бизнесті жоғалтпау үшін базарда сауда жасайтын адамдар модернизация кезінде басқа нүктелерге ауыстырылады. Модернизация қажет деп санаймын. Біз оны жылдан жылға ауыстырамыз. "Тұлпар" базары мүлдем модернизацияланбаған, сондықтан қазіргі күйінде жұмыс істей алмайды. Қала сізге басқа базарларға көшуге көмектеседі, бірақ модернизация мен қайта құруды кейінге қалдыру мүмкін емес. Көшесіздер. Меншік иесі жақсы шарттар ұсынуда. Тілендиев пен Васнецов көшелері бойындағы заңсыз базар бойынша мен кәсіпкерлік басқармасына жұмысқа кірісуді және анықтауды тапсырамын», - деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.