Алматыда апат салдарынан екі ауданның тұрғындары сусыз отыр
Суық су желілеріндегі апатқа байланысты Жетысу және Түрксіб аудандарында орналасқан үй мен ғимараттарға су беру уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сүйінбай-Рысқұлов даңғылы - Шемякин-Хмельницкий, Рысқұлов даңғылы - Парковая - Құлыншақ – Бәйшев көшелерінің бойында орналасқан әкімшілік ғимараттар мен тұрғын үйлерге су беру уақытша шектеледі. Суды 21 сәуір күні сағат 23:00-ге дейін беру жоспарланған»,- деп хабарлады қалалық әкімдіктен.
«Алматы су» МКК апаттық бригадасы Герцен көшесіндегі D-500 мм магистральды су құбырын қалпына келтіру жұмысын жүргізіп жатыр.
Төтенше жағдайды жоюға 12 техника жұмылдырылды.
Сондай-ақ 21 сәуір сағат 16:00-ден бастап Рысқұлов даңғылы мен Герцен көшесінің қиылысы көліктер үшін уақытша жабылады.
Герцен көшесі арқылы өтетін магистральды су құбыры 1962 жылы пайдалануға беріліп, қаланы сумен қамтамасыз ету мақсатында 60 жыл жұмыс істеп тозығы жеткен.
«Алматы қаласының қолданыстағы желілері мен нысандары ескірген. Су құбыры желілерінің ұзындығы 3528 шақырым, оның ішінде 1941,2 км қайта жөндеу жұмыстары қажет»,- деп атап өтті әкімдік өкілдері.