Халықаралық іздеуде жүрген экс-депутат Алмас Қырықбаев ұсталды
Шымкентте бопсалау ісі бойынша күдікке ілініп, 2007 жылдан бері іздеуде жүрген жеті ағайынды Қырықбаевтардың бірі Алмас Қырықбаев ұсталды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Кyn.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы журналист Михаил Козачков жазды.
Журналисттің айтуынша, біраз уақыт Өксікбаев деген атпен өмір сүрген Алмас Қырықбаев Қазақстанға Біріккен Араб Әмірліктерінен келген.
«Ол Қазақстанға Әмірліктерден тікелей рейспен келген, соңғы жылдары Өксікбаев деген фамилиямен тұрып, Жамбыл облысы мәслихатының депутаты болып сайланған. Қызық, егер қылмыстары 2006 жылы жасалған болса, оның мерзімі өтіп кетпеді ме?», — деп жазады Козачков.
Алмас Қырықбаев — бірнеше ағалы-інілі азаматтардан тұратын, бұрыннан белгілі «Қырықбаевтар» ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің бірі.
Алмас Қырықбаев 2007 жылдан бері бопсалау ісі бойынша күдікке ілініп, халықаралық іздеуде жүрген. Тергеу мәліметінше, ол Тараздағы ЖШС бірінің директорынан 10 мың доллардан астам ақша бопсалаған.
2012 жылы Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Алмас Қырықбаевтың Дубайда ұсталғанын хабарлаған болатын. Алайда, ол сол кезде Қазақстанға экстрадицияланды ма, жоқ па белгісіз.