Ұсталғандар арасында Айнұр Тұрсынбаеваның күйеуі жоқ болып шықты
Бүгін ІІМ "Дикий Арманның" қылмыстық тобының 80-нан астам мүшесі ұсталғанын мәлім етті. Бірақ олардың қатарында белгілі айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваның күйеуі Нұржан Иманәлиев жоқ болып шықты, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
“Бірінші кезең халықаралық іздеуде жүрген, қылмыстық ортада “Нойс” деген лақап атымен белгілі Жұмагелдиевтің “оң қолы” басқаратын ұйымдасқан қылмыстық топтың негізгі криминалдық буынын жоюға бағытталды. Мәселен, 19 сәуірде Алматы қаласының, Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының аумағында ауыр қылмыстарды жасауға, оның ішінде 2018 жылы Алматыда орын алған адам өлтіруге оқталуға қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топтың 12 мүшесі ұсталды”, – делінген ведомствоның ресми хабарламасында.
БАҚ "Дикий Арманның" "Нойс" лақап атымен танылған оң қолы – белгілі айтыскер ақын, блогер Айнұр Тұрсынбаеваның күйеуі Нұржан Иманәлиев екенін жарыса жазып жатыр.
ІІМ оның қоластындағылар ұсталғанымен, өзі әлі халықаралық іздеуде жүргенін нақтылады.
Алайда “іздеудегі” күдіктінің Түркияда ешкімнен бой тасаламай-ақ емін-еркін өмір сүріп жатқанын Айнұр Тұрсынбаеваның Instagram парақшасына жүктейтін отбасылық фото-видеоларынан көруге болады.
Әлеуметтік желілерде "Дикий Арманның" мен "Нойстың" бірге түскен суреттері көп, фотолардан олардың тығыз байланыста болғаны аңғарылады.
Еске салайық, «Дикий Арман» лақап атымен танымал қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиев былтыр 7 қаңтарда ұсталған болатын.
Кейін ҚР Бас прокуратурасы «Дикий Арманның» Ұлттық қауіпсіздік қызметінің тергеу изоляторында отырғанын мәлімдеді. Содан бері оны қамауда ұстау мерзімі тоқтаусыз ұзартылып келеді.
«Дикий Арманмен» бірге «қаңтар оқиғасы кезінде наразылық білдірушілердің басын қосып, топ ұйымдастырды» деп айыпталған Алматы қаласы мәслихатының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайберген порталымызға тергеу камерасынан жолдаған жазбаша жауабында қаңтар оқиғасы жайлы өз нұсқасын айтып берген еді.
Сондай-ақ, жуырда адвокат Олег Чернов өз қорғауындағы Арман Жұмагелдиев азаптау ісінде жәбірленуші ретінде танылғанын мәлімдеді.