Үш қалада өткен арнайы операция кезінде 12 адам ұсталды
Өткен демалыс күндері арнайы құрылған жедел-тергеу топтары арнайы мақсаттағы бөлімше жауынгерлерінің күштік қолдауымен Астана, Қарағанды және Көкшетау қалаларының аумағында осы қылмыстық бизнеске қатысушыларды ұстады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Жедел уәкілдер Астана, Көкшетау және Қарағанды қалаларының аумағында есірткіні жасырып кету арқылы таратумен айналысқан 12 адамды анықтады. Олар “Telegram” қосымшасында жұмыс істейтін үш интернет-дүкен арқылы әрекет еткен.
Олардың қатарында ұйымдастырушы, оператор, бухгалтер, интернет-есірткі дүкенінің әкімшісі, сондай-ақ 7 есірткі жасырып кетуші (“өлшеп, ораушылар”, “қоймашылар”, “кладмендер”) бар.
12 мекенжай бойынша жүргізілген тінту нәтижесінде 3 келіден астам гашиш, сонымен қатар дайын орамдар, есірткіні буып-түюге және қолдануға арналған түрлі құрылғылар, қылмыстық бизнеске қатысты құжаттамалық растамасы бар техника мен ұялы телефондар, сондай-ақ интернет-дүкендердің қаражат қозғалысы туралы жазбалар тәркіленді.
Ұсталған есірткі жасырушылардың қатарында Көкшетау қаласының 17 жастағы тұрғыны да бар. Сонымен қатар, жедел уәкілдер есірткі жасырушылардың бірінің анасын, яғни топтың қылмыстық бизнесіне қатысы бар 42 жастағы әйелді ұстады.