Түлкібас ауданында 9-сынып оқушысын зорлап кетті
ОҚО Түлкібас ауданы Састөбе ауылында 9 сынып оқушысын зорлап кетті. 15 жастағы қызға осы ауыл тұрғыны қастандық жасаған. Қылмыскердің де осы ауыл мектебінің түлегі екені белгілі.
Оқиға ауыл саябағында болған. Кісі қолынан жапа шеккен мектеп оқушысы психологтардың көмегіне жүгінуде. Оның әкесінен ерте айрылып, жалғыз анасының қарауында қалғаны белгілі. Егде жастағы анасы ауыл малын бағады екен.
Оңтүстік Қазақстан Облыстық Ішкі Істер Департаментінің баспасөз-қызметі аталған ақпаратты растады. Алайда жәбір көрген қыздың ата-анасының қалауымен, толық мәліметті беруден әзірге бас тартты.
Білуімізше, 1994 жылы туылған күдікті, уақытша қамауға алынды.
Осыдан біраз уақыт бұрын Шымкент қаласының көпқабатты үйлерінің бірінде 15 жасар қыз 7-қабаттан өзін өзі лақтырғаны туралы белгілі болған. Бірақ оның мұндай қадамға не себептен барғаны белгісіз.
Өзін өлімге қиған 9-сынып оқушысы биіктен құлап, аман қалды. Құқық қорғаушылар қыздың ата-анасы ақпарат таратуға қарсы болуына байланысты, бұл туралы ақпарат беруге де қауқарсыз екендерін айтты. Тек болған жайтты растап берді.
— Кәмелет жасына толмаған балалар жайлы кез-келген ақпаратты тек қана ата-анасының рұқсатымен ғана жария ете аламыз, деп қысқа қайырды ОҚО ІІД баспасөз-қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова.