Техбайқаудан өтудің жалған құжаттарын жасаған менеджер ұсталды
Қарағандыда жалған техникалық байқаудан өту құжаттарын жасаған сақтандыру компаниясының менеджері ұсталды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлеріне қаладағы сақтандыру компанияларының бірінде жалған техникалық байқаудан өту құжаттарын сататындығы туралы ақпарат түсті.
Полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында сақтандыру компанияларының бірінің 35 жастағы менеджері ұсталды.
Ұсталған азаматшадан айғақ заттар, соның ішінде автокөліктердің техникалық байқаудан өткендігі туралы жалған 24 мөр басылған бланк тәркіленді. Сондай-ақ күдіктінің тұрғылықты мекенжайынан РФ сақтандыру компаниясы деген мөр, РФ сақтандыру компаниясының 33 бланкі, әртүрлі көліктерге қатысты 30 дана диагностикалық карта, пневматикалық тапанша және екі пышақ тәркіленді. ҚР ҚК 385-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде, - делінген хабарламада.