Шымкентте еңбек демалысында жүрген полиция басқармасының бастығы ұсталды
Шымкент қаласында пара алды деген күдікпен көші-қон полициясы басқармасының бастығы ұсталды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz. Бұл туралы Sputnik Қазақстан тілшісі ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап жазды.
Ресми мәліметке сәйкес, бүгін ұлттық қауіпсіздік комитеті мен қалалық полицияның өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері еңбек демалысында жүрген көші-қон полициясы басқармасының бастығын ұстады.
"Ол 1000 доллар көлемінде ақшалай сыйақы алды деген күдікке ілінді. Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Барлық мән-жай сотқа дейінгі тергеу барысында анықталады", - делінген ресми хабарламада.
Айта кетері, былтыр Павлодарда көші-қон полициясы басқармасы бөлім бастығының орынбасары Өзбекстан азаматынан пара алғаны үшін үш жылға сотталған болатын.