Шымкент медресесінде болған жағдайды Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бақылауға алды
Әлеуметтік желілерде Шымкент қаласында екі баланың денесіне зақым келгені туралы видео тарады. ҚР Оқу-ағарту минситрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бұл жайтқа алаңдаушылық танытты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Болған жағдай баланың физикалық және (немесе) психикалық күш көрсетуден, адамның қадір-қасиетіне қатыгездікпен, дөрекілікпен қараудан немесе оны қорлаудан қорғау құқығын тікелей бұзып, қауіпсіздігі мен денсаулығына қауіп төндіріп отыр. Ата-аналарға балаларының қауіпсіздігін кешенді қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлу ұсынылады. Балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа жол берген барлық тараптың іс-әрекетін айыптаймыз. Балалар ешқашан зорлыққа ұшырамауы керек», - делінген хабарламада.
Комитет басшылығы бұл жағдайды жеке бақылауда ұстап отырғанын айтты. Осы мәселе бойынша облыстық білім басқармасы, Шымкент қаласының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі және Ішкі істер органдарының басшылығымен тұрақты байланыс орнатылған.
Айта кетейік, осыған дейін Шымкенттегі медреседе екі бала хадис білмегені үшін таяқ жегені жайлы видео жарияланған болатын.