"Кісі өлтіргені үшін бар-жоғы 1,5 жыл". Заңгерді аяуандықпен өлтірген ер адамға қатысты үкім Желіде қызу талқыға түсті
Алматылық заңгер Айман Асанованы өлтірген адамға қатысты сот үкімі қоғамда қызу пікірталас тудырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қазақстандықтар оның бұрынғы күйеуі адамды айуандықпен өлтіргені үшін осындай "жеңіл" жаза алғанына наразы.
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Еркін Майшиновтың төрағалығымен қаза тапқан адамның бұрынғы күйеуі Талғат Нұртаев ең төменгі қауіпсіздік қылмыстық - атқару жүйесі мекемесінде 1,5 жылға ғана бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Жақында ол бостандыққа шығады.
Марқұм Айман Асанова мен айыпталушы Талғат Нұртаев 2019 жылы шаңырақ көтерген. Алайда, 3 жылдан кейін отбасылық-тұрмыстық жанжалдар нәтижесінде ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас күрт нашарлай бастаған. Соның әсерінен 2022 жылдың шілдесінде ажырасқан.
Алайда, Нұртаев пен Асанованың арасындағы кикілжің мен жанжал сатып алынған ортақ мүлікті бөлу кезінде жалғасқан. Нұртаев бұрын бірге тұрған пәтерден үмітті еді.
2022 жылдың 8 қазанында Нұртаев "тұрғын үйді бөлу мәселесін талқылау үшін" бұрынғы әйелі тұрған үйге келген.
Сот шешіміндегі мәлімет бойынша, "қайтыс болған адам сотталушыны сөзбен балағаттап, оның еркектік қасиетін басқалардан төмен салыстырған".
"Нұртаев Асанованың сөздерінен кейін, қорлау мен балағат сөздерден туындаған қатты психикалық ашулану жағдайында ол қолына пышақ алып, бұрыңғы әйелінің мойын мен бас жағына бірнеше рет пышақ сұққан. Кірген пышақ жарақатынан әйел ауыр ашық ми жарақатын алған. Бастың оң жақ самай аймағы, ортаңғы ми қан тамырларының оң жақ тармағы зақымданған. Ортаңғы ми артериясының оң тармағының зақымдалуымен, самайдың ұсақталған сынығы, сондай-ақ кесілген жаралар: оң жақта құлақ артындағы аймақта, оң және сол жақта желке аймағында, сол құлақ аймағынан мойынның артқы жағына дейін, денеге жеңіл зақымдану санатына жататын сол жақта, оң қолдың 1-ші саусағының проксимальды фалангасында, сол қолдың 4-саусағының дистальды және ортаңғы фалангасында, оң білекте, оң сандарына жарақаттар салған", - делінген сот үкімінде.
Бұл ретте сотталушы марқұмның қолынан пышақты жұлып алғанын айтқан. Бірақ оған дәлел жоқ, өйткені қылмыскердің қаруы із-түзсіз жоғалып кеткен.
Қылмыскер әйелге шамамен 18 рет пышақ сұғып, оның басым бөлігі басы мен мойнына тиген. Денсаулыққа үлкен зиян келтірген жарақаттардың салдарынан 42 жастағы әйел қаза болған.
Үкімде айыпталушы Талғат Нұртаев Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі "Адам өлтіру" бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген айыппен сотқа жіберілгені айтылды.
"Қазылар алқасы қатысқан сот үкіміне сай жәбірленуші А.К. Асанованы балағаттау және кемсіту салдарынан кенеттен ашулану (аффект) жағдайында жасалған Т.Е. Нұртаевтың кісі өлтіру қылмысы анықталып және ол осы әрекетті жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Нұртаев Т.Е. әрекеті ҚК-нің 101-бабының 1-бөлігімен "Аффект жағдайында кісі өлтіру" бойынша анықталды", - делінген сот үкімінде.
Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 101-бабында адам өлтіргені үшін қысқартылған жаза қарастырылған.
"Қылмыстық кодекстің 53-бабының 1-бөлігінің 11- тармағына сәйкес сот оның кінәсін ішінара мойындауын және кішкентай балаларының болуын ҚК-нің 54-бабы бойынша сотталушыға қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын себептер жоқ", - деді судья Еркін Майшиновтің төрағалығымен Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімінде.
Айыпталушы Талғат Нұртаев 2022 жылдың 14 қазанынан бастап қамауға алынғандықтан, ол екі күн ішінде бір күн есебінен уақытша ұстау изоляторында болған жаза мерзіміне есептеледі.
Марқұмның туыстары үкіммен келіспейді. Бүгін Алматы қалалық сотында апелляциялық шағым қаралады.
Әлеуметтік желілерде сот үкіміне қарсы наразылықтар туды.
"18 пышақ жарақаты және 1,5 жыл? Шынымды айтсам, тіпті сөзім жоқ. Мен қандай да бір параллель шындықта өмір сүріп жатқандай сезінемін. Шынымен, 18 пышақ! Иә, ол әдетте анық көрінеді ғой"
"Сандырақ. Аффект, аффект емес. Кісі өлтіру. Оған адамның өмірін қиюға кім рұқсат берді?! Осылайша. мыңдаған қылмыстар жазасыз қалуы мүмкін. Өлтіргенге дейін ол кішкентай балалары туралы ойламай ма екен!".
"Бір қызығы, егер бұл судьяның қызы болса, оған да 1,5 жыл берілер ме еді? Басқа некеден шыққан балалар. Моральдық мысал: әйел сізді ренжітсе - оған 18 пышақ жарақатын сал", - деп жазды әлеуметтік желіде.
Көбісі үкімді қылмыс жасағандар үшін қатаң жаза алған басқа істермен салыстырды.
"Инста-блогер жеңгетайлықпен айналысқаны үшін оған 15 жыл берді, кісі өлтіргені үшін 1,5 жыл".
"Өзін-өзі қорғаған әйелге 20 жыл бергені есімде. Тек петициялар арқылы ол ақталды. Содан кейін қасақана кісі өлтіру, ерекше қатыгездікпен өлтірген адамға бір жарым жыл".
"Астанадағы банкте бірер сағат кепілдікке адамдарды алған ер адамды 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырды. Ал адамды айуандықпен өлтіргені үшін небәрі 1,5 жыл. Уақыт өтті", - деп жазды ашуланған оқырмандар.