Алматыда қауіпті қылмыстық топ мүшелері ұсталды
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жедел қызметкерлері Алматы қаласында қоғамға қауіпті ұйымдасқан қылмыстық топ әрекетінің жолын кесті, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
«Арнайы операция барысында ҰҚТ 5 белсенді мүшесі ұсталып, олардан Калашников автоматы, Макаров тапаншасы, жауынгерлік граната, тегіс ұңғылы «шолақ» мылтық және синтетикалық сипаттағы есірткі заты тәркіленді», - деп хабарлады ҚР ҰҚК баспасөз қызметі.
Топ мүшелері денсаулыққа ауыр зиян келтіру, аса ірі көлемде есірткі затын сату мақсатында сақтау, қару мен оқ-дәріні заңсыз тасымалдау және сақтау қылмыстарын жасады деген күдікке ілінген.
«Үш күдікті тергеу сотының рұқсатымен қамауға алынып, қалғандарына қатысты қажетті тергеу іс-қимылдары жүргізіліп жатыр. Қолданылған шаралар Алматы қаласының қылмыстық ахуалын жақсартуға және қылмыстық ортаның қоғамға әсерін әлсіретуге бағытталған», - делінген ведомство хабарламасында.