Татуласу – дау шешуде ең тиімді әдіс екенін дәлелдеуде

Татуласу – дау шешуде ең тиімді әдіс екенін дәлелдеуде

Халқымызда «Ел даусыз болмас, жер жаусыз болмас» деген сөз бар. Яғни, дау  кез келген қоғамға тән құбылыс.  Алайда, бабаларымыз, барлық кезде дау-жанжалдың бітімгершілікпен дер кезінде шешілуіне ықпал етіп отырған. Дауласушылар да билер сөзін екі етпеген. Нәтижесінде қазақ даласы түрмесіз-ақ талай тентегін тезге салып, сотсыз-ақ дау жанжалдарды тиімді шешіп отырған. Осы бір тамаша үрдістен  көз жазып қалғанымызға да ғасырға жуықтады.

Дегенмен, Тәуелсіздік алған жылдары Елбасының бастамасымен дана билердің дара билігін жаңғырту шаралары қолға алынды. ҚР Медиация туралы заңы қабылданды. Нәтижесінде медиаторлар іске кірісті.  Шынын айту керек, алғашқы жылдары елдегі медиацияны дамыту тек соттардың ғана міндеті секілді қабылданды. Бірақ кейіннен заңның жүзеге асуы үшін қоғам болып атсалысуды талап етті. Соған орай, ҚР  Азаматтық процестік кодекске, т.б. заңнамаларға өзгертулер мен толықтырулар енгізіле бастады.

Ұлт көшбасшысының «Қазақстан-2050» стратегиясы, «100 нақты қадам» ұлт жоспары, «Рухани жаңғыру», т.б. бағдарламаларының бәрінде Қазастандағы медиацияны  одан әрі дамыту шаралары қамтылып, нақты тапсырмалар жүктелді. Одан кейінгі жылдары Қазақстан Республикасының Президенті Қасым- Жомарт Тоқаевтың қадағалуымен бітімгершіліктің қолданыс аясы кеңейе түсті. Азаматтық процестік кодексте соттың тараптардың татуласуы үшін шаралар қабылдайтыны, сондай-ақ, оларға процестің барлық сатыларында дауды реттеуге жәрдемдесетіні нақты көрсетілді. Мысалы, тараптар дауды медиация тәртібімен немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді жасасып, өзара талаптардың толық көлемінде де, бөлігінде де реттей алады. Сотқа дейін, соттан кейін бітімге келу істері жолға қойылып, реттеле бастады. Нәтижесінде медиацияның қолданыс аясы кеңейе түсті. 

ҚР Жоғарғы Соты тарапынан медиация аясын кеңейту тұрғысында айтарлықтай шаралар қолға алынды. Әсіресе, ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Ж.Қажыманұлы келелі істерге мұрындық болды. Жоғарғы Сотта медиацияны одан әрі дамыту мақсатында түрлі жоба өмірге енді. Тіпті, еліміздің барлық аумағында татуласу орталықтары құрылды. Онда судьялармен қатар ел ақсақалдары, заңгерлер, медиаторлар, нотариус, конфликтолог, т.б. бітімгершілік үрдістерін халыққа біріге насихаттауда. Ел азаматтарына дау-жанжалды сотсыз, өзара келісіммен бітірудің артықшылықтарын насихаттауға және соған тікелей атсалысуға судьяларға заңмен құзырет берілді. Расында да, медиация арқылы істер тез шешіліп қана қоймай, қаржы да үнемделіп, судьялардың жүктемесінің көбеймеуіне де тікелей әсер етеді. 

Қазіргі таңда ел соттарында ҚР Жоғарғы Сотының  «Татуласу: сотқа дейін, сотта» пилоттық жобасы аясында судья-медиаторлар жұмыс істеуде. Аталған жоба азаматтық істерді қарау кезінде азаматтық сот ісін жүргізудің ең бастапқы сатыларында, соның ішінде талап арызды сот өндірісіне қабылдау сатысында татуластыру рәсімдері арқылы дауларды реттеу мақсатын көздейді. Байқалғаны, отбасы, ағайын, дос-жаран, көрші-қолаң арасындағы талас-тартысты соттан көрі медиация тәсілдерімен бітірудің тиімді екенін азаматтардың өзі түсіне бастады.   Сотқа жүгіну әр адамның заңды құқығы. Дей тұрғанмен, уақыт та қымбат. Яғни, уақыт үнемдеу жағынан келгенде, медиация өте тиімді.  Олай дейтініміз, іске нүкте қойылғанша бірнеше сот отырысы өтуі мүмкін. Мұның бәрі жұмыспен жүргендер үшін қолбайлау. Бұған қоса, қорғаушы жалдау, мемлекеттік баж төлеу, сот шығыны, жол қаражаты, т.б. бар.

Әсіресе былтыр пандемиялық жағдайға орай ел ішінде карантиндік режим орнаған кезде сот мамандары халықты дауласпай, тиімді шешуге шақырды. Бітімге келу арқылы істі барынша тез, көп әуреге түспей шешуге болатынын халық арасында кеңінен насихаттады. Мүмкіндігінше осындай жолмен соттасудың алдын алып, сот жүктемесінің артпауына ықпал етті. Нәтижесінде бүгінгі күні медиацияның қолданыс аясы кеңіп келеді. Сәйкесінше медиация арқылы бітетін де істердің қатары артуда. Дегенмен сот мамандары әлі де болса медиацияның барынша сот саласында көбірек қолдануына ықпал етуді көздеп отыр. 

Ел ішінде халыққа сөзі өтімді, жергілікті тұрғындарға ықпалды тұлғалардан медиатор дайындау жұмысы да жолға қойылуда. Нәтижесінде ел ішіндегі ұсақ түйек, сөзге келу, екі көршінің ерегісі, ерлі зайыптылардың ұрысы секілді мәселелерді медиатор арқылы шешу жолға қойылуда. Бұл ауыл ішілік, отбасылық даулардың алдын алуға ықпал етуде. Елімізде әсіресе ассамблеяларда медиацияны қолдану аясын кеңейтуді көздеуде. Сондықтан Достық үйлерінде медиация кабинеттерін ашу жолға қойылуда. Егер медиацияны ұлтаралық достықты сақтауда да дұрыс жолға қоя алсақ нұр үстіне нұр болар еді. Қазірдің өзінде мамандар мұны жоғары бағалап, "Ассамблея медиацияның екінші тынысын ашты" деп баға беруде. Алдағы уақытта Қазақстан халқы Ассамблеясы медиация институтын насихаттауды арттыра түссе  бітімгершілікке келіп, ел ішіндегі бірлік те сақталып, ауызбіршіліктің артуына өзінің оң ықпалын тигізер еді. Сәйкесінше медиацияның да ел ішіндегі мәртебесі биіктей түсер еді. Шыны керек елімізде мекендейтін жүзден астам ұлттың өзара тату тәтті, бірлікте өмір сүруі өте маңызды. Ол тіпті тұтастығымызға, ел бірлігіне оң ықпал етер күш! Сондықтан алдағы уақытта Ассамблея мен медиацияны егіз ұғымға айналдыра алсақ маңызын сезіне түсер едік. Бүгінгі күні соттардағы медиацияның қолданыс аясын, тәжірибесін алдағы уақытта Ассамблеяда ұштастыра білсек игі.

Осы орайда атап өтер өте маңызды жайт, медиация арқылы шешімін тапқан істе екі тарап та риза болып тарқауға барынша күш салынады. Медиатор істің "алтын аралығын" іздейді. Негізі дауда ең бастысы осы. Ассамблеяда да жүйенің бұл тұсы өте маңызды. Өйткені екі тараптың бір біріне қабақ шытпай тарқасып, келешекте бір аспанның астында, бір елде өмір сүретін ұлттар ретінде татулықпен қоштасуы өте маңызды. Бұл алдағы уақытта туындауы мүмкін араздықтардың да алдын алар еді.  Сондықтан жүйені дәл осы Ассамблея аясында қолданудың маңыздылығы сезілуде. Яғни медиация жүйесі - қоғамдық сананың жаңғыруы жолындағы маңызды элемент, даусыз, дүрдараз қоғамның алдын алуға тырысу. Өйткені, медицияға ден қойған адамдар өздерінің құқықтық мәдениетін танытады. Екі тараптың бір бітімге келуі ел азаматтарының тәртіпке бағынатынын көрсетеді. Ал Ассамблея тәжірибесінде халықтың тәртіпке бағынуы өте маңызды. Демек Ассамблеяның басты ұстанымы медиациялық жүйе болса ұтарымыз көп болар еді. Өз кезегінде бұл - қоғамдағы тұрақтылықты да қамтамасыз ететінін айта кету керек. 

Бүгінгі күні осы бағыттағы жұмыстарды дамыта түсу мақсатында Қазақстан Халқы Ассамблеясының медиция саласында соған қатысты барлық институтпен келісімге келіп жатқаны көңіл қуантады. Нақтырақ айтқанда, Жоғарғы сотпен, Адвокаттар коллегиясымен, басқа да құрылымдармен келісімдерге қол қойылып, саладағы бітімгершілік істері жандана түсуде. Дәл қазіргі таңда еліміздің Достық үйлеріндегі, Қоғамдық келісім кабинеттерінен мыңға жуық медиациялық кабинеттердің ашылуы бұл бағыттағы жұмыстардың дұрыс жүргізіліп жатқанын айғақтайды. Енді медиация жүйесінің жандана түсуі үшін қоғамымызда медиаторлардың санын жеткілікті ету міндеті тұр. Өйткені медиацияның кең таралуын, насихатын арттыра түсетін мамандар - медиаторлар деп білеміз. 

Жалпы қазақ халқының табиғаты дау қууға бейім емес деуге болады. Көп нәрсеге кеңдік танытып, өз құқығын қорғауға келгенде де "мойны жар бермей жататыны" жасырын емес. Осы тұрғыдан келгенде медиация көпшіліктің қалауына сай деуге болады. Тек аталмыш жүйенің насихатын арттырып, сотсыз ақ шешілетін істердің қатарын арттыра алсақ, дұрыс болар еді. Жоғарыда атап өткеніміздей негізі медиация ата баба жолы. Ертедегі билердің ізімен бітімгершілік жолын жаңғыртсақ, жүйе қоғамымызға да тез сіңер еді. Түрмесіз-ақ тентегін тезге салған, бабалар жолымен демократиялық қоғам құрып, "тәртіпке бағынған құл болмайтынын" көрсетер едік. Құқығына құлақ асып, дауды ушықтырмай шешетін заңды сыйлар азаматтар қатарын арттыра түсуіне себепші боламыз. Жасыратыны жоқ, атауы басқа болғанымен, заты өзіміздікі медиация жүйесі "шетелден алып келдік" деп әспеттеп жүрген институтымыз айналып келгенде түп төркіні өзімізден шыққан соң да ел ішіне тез сіңіп жатыр деп ойлаймыз.

Жалпы құқықтық мемлекет құруға ұмтылған қоғамда кез-келген қарым-қатынастың дауға ұласпағаны абзал. Дауды келісіммен бітіргеннен екі жақ та  ұтады. Жоғарыда айқанымыздай, уақыт пен қаржы үнемделеді. Ең бастысы, денсаулыққа пайдалы. Соттың ұзақ уақытқа созылатын процесінен азаматтар да шаршайды. Айтыс-тартыспен жүріп адамдар қаншама күйзелістік жағдайға ұшырайды. Сондықтан, дауды азаматтардың келісе отырып бітіруіне мүмкіндік жасалуда.  Соны халқымыз пайдалана білуі керек. Судьяның мақсаты екі жақты келістіріп, соттан риза болып шығуларын қамтамасыз ету. Осылайша сот жүктемесін билер жолын жаңғырту арқылы азаютудың маңызы зор десек, татуласу – дауды шешуде ең тиімді әдіс екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Сондықтан алдағы уақытта медиациямен бітетін істердің санын тіпті көбейте түсу міндеті тұр. 

Қалима Дуанбекова, Алматы қаласы Әуезов аудандық сотының судьясы

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста