Кез келген демократиялы, өркениетті елдің негізгі қағидалары, мемлекеттік басқару нысаны, әр азаматтың құқықтық жағдайы мен мемлекеттік органдардың мәртебесін ең алдымен Конституцияда бекітеді. Ата Заң соттың, адам құқығын қорғаудың кепілі, тірегі.
Қай елдің болмасын конституциясы сол елді мекен еткен халық үшін жазылып, халық игілігі жолында қызмет етеді. Сол себепті де, бұл – басты Заңға аса құрметпен қарап, ерекше ықыласты көзқарас таныту – азаматтық іс. Жалпы, қысқаша айтқанда, конституция ол – мемлекет пен қоғамның арасындағы өзара келісімді үйлестіруші негізгі Заң.
Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев: «Халқымыздың заң үстемдігіне, адамдардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге ұмтылысы төл тарихымызда айқын көрініс тапқан. Озық әлемдік тәжірибені, тарихи және ұлттық дәстүрлерді арқау еткен Қазақстан Конституциясы халқымыздың бірлігі мен мемлекет тәуелсіздігінің берік негізі саналады» - деп Ата заңымыз туралы ойын айшықты түрде жеткізеді.
Қазақ қоғамының құқықтық әлемінде ортағасырлық дәуірде «Дала заңының» билігі үстемдік құрды. Дербес мемлекеттілігін құру жолында қазақ қоғамының өмір тіршілігі белгілі бір тарихи-құқықтық мұраларды басшылыққа алды. Атап айтар болсақ, Қазақ хандығының тарихнамасында «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті Жарғысы» атты негізгі заңдар дәстүрлі қазақ қоғамының саяси-құқықтық негізін қамтамасыз етті.
Конституция адамзат тарихы мен мемлекет және құқық тарихында кейін қалыптасқан ұғым. Ежелгі Римде «конституция» сөзімен императорлардың жарғылары аталған. Кейінірек ортағасырларда конституция ұғымының сипаты өзгеріп, феодалдардың әртүрлі бостандықтары мен міндеттерін қамтитын құжаттар ретінде танылды. Ежелгі дәуірлерде конституция ұғымы бүгінгі замандағыдай кең мағынада қолданыста болмады.
Бүгінде өркениетті, дамыған елдердің барлығында мемлекеттің негізгі тірегі – конституциялары қабылданған. Азаматтық-құқықтық конституциялар жаңа заман дәуірінде, яғни, буржуазиялық революциялар кезеңінде пайда бола бастады. Мысалы, Еуропа елдерінен алғаш әр жылдары қабылданған АҚШ (17 қыркүйек 1787 ж.) Франция (3 қыркүйек 1791 ж.), Польша (3 мамыр 1793 ж.) конституцияларын айтуға болады.
Қазақстанның құқықтық негізін қалыптастыруға қомақты үлес қосқан, Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық Заңын жасауға атсалысқан тұлғалардың бірі Сұлтан Сартаев «Қазақ халқы қашан да ақсақалдарды құрмет тұтқан, сол себепті де Конституцияны халқымыз «Ата заң» деп атағанды жөн көреді» деген пікірін алға тартады. Бұл пікір халқымыздың бабалар рухына, өсиетіне деген ерекше құрметін білдірсе керек.
Қазақ құқығының тарихын зерттеп-зерделеу тек «тәуелсіздік» атты ел мұратына жеткелі қолға алына бастады. Халқымыздың төл тарихын зерттеуге «идеологиялық тосқауыл» кедергі туғызғанын бүгінгі тарихтың кейбір айшықталған оқиғалары мен құбылыстары дәлелдеп келеді.
Қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген халықтар өмірінде көптеген ғасырлар бойы астан-кестен оқиғалар мен өзгерістер болды. Осындай қилы тарих шырмауынан көне дәуірдің мұрасы ретінде ұрпақтар үшін қазақтар екі мәңгі құндылықты сақтап қалды – ол Сөз Құдіреті мен Заң Құдіреті.
Кеңес дәуіріндегі негізгі заңдарға шолу жасасақ, бұл дәуірде 3 бірдей ресми конституция қабылданған. Олардың әрқайсысы 1918 жылғы 10 шілдедегі Кеңестердің 5-Бүкілресей съезінде Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасының (РКФСР) тұңғыш Конституциясы жазылды, бірақ РСФСР Орталық атқару комитеті тарапынан қолдау таппады. Кейінгі негізгі заңдардың (конституциялар) барлығы дерлік РКФСР Конституциясының идеялары мен қағида-ұстанымдарына негізделіп жазылды. 1924 жылы социалистік республикалар біріккенімен, жалпы ортақ конституциясы болмады. Сол себепті, екі жылдан кейін ғана, яғни, 1926 жылы Қазақ АКСР-ның Конституциясы қабылданды.
9 бөлім, 21 тарау, 174 баптан құралған Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Конституциясының І тарау 1-бабында: «Социалистік Республикалар Одағы – бұл жұмысшылардың, шаруалар мен зиялы қауымның, елдің барлық ұлттары мен ұлыстарының еңбекшілерінің еркі мен мүдделерін білдіретін Социалистік жалпыхалықтық мемлекет» - делінген. Дегенмен, іс жүзінде мұндай әлеуметтік құқықтар мен бостандықтар тек құжат жүзінде қалып, жеке меншік құқығы мүлде танылмады. Осы құжаттың 6 тарау 34 бабы бойынша: «КСРО азаматтарының теңдігі экономикалық, саяси, әлеуметтік және мәдени өмірдің барлық салаларында қамтамасыз етіледі.
1988 жылдың 1 желтоқсаны мен 1989 жылдың 20 желтоқсаны аралығында толықтырулар мен өзгерістер енген Конституцияның преамбуласында: «Азаматтық соғыста жеңіске жетіп, империалистік араласуға жол бермей, Кеңес өкіметі әлеуметтік-экономикалық қайта құруларды жүзеге асырды, адамды адам қанау, таптық антагонизмдермен және Ұлттық араздықты мәңгілікке жойды» делінген. Дегенмен де, қазақ құқығының негізгі мәселелері Кеңестік мемлекеттің саяси ұстанымына сәйкес жүзеге асырылды. Аталмыш конституцияның «Саяси жүйе» атты бірінші тарауының 2-бабында: «КСРО-дағы барлық билік халыққа тиесілі. Халық мемлекеттік билікті КСРО-ның саяси негізін құрайтын халық депутаттарының Кеңестері арқылы жүзеге асырады. Барлық басқа мемлекеттік органдар халық депутаттары Кеңестерінің бақылауында болады және оларға есеп береді». Бұл мәселе бойынша, төл конституциямыздың 3-бабында: «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді» - деп көрсетілген. Назар аударатын жәйт, кеңестік кезеңдегі негізгі заңнамалық жүйе мен тәуелсіз Қазақстанның құқықтық жүйелерінің арасында өзара сабақтастық байқалады. Себебі, еліміз алғаш егемендікке қол жеткізген жылдары Қазақстанда кеңестік құқықтық жүйе қолданыста болды. Уақыт өте келе, елдегі жағдай тұтас өзгеріп, жаңаша демократиялық ұстанымдағы құкықтық институттар мен нормалар қалыптаса бастады.
Одақта құрамдас болған республикалардың конституцияларының мазмұны мен құрылымы жағынан ерекшелік табу қиынға соғады, ұқсастық басым. Мәселен, одақтас республикалардың негізгі заңдарының алғашқы тарауы саяси жүйе («политическая система») тарауымен бастау алады. КСРО конституциясының І бөлім, 1 тарауының 4-бабында: Кеңес мемлекеті, оның барлық органдары Социалистік заңдылық негізінде әрекет етеді, құқықтық тәртіпті, қоғамның мүдделерін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етеді». «Бұдан шығатын қорытынды, Кеңес билігі Одаққа біріккен республикалардың ешқайсысына да тәуелді дамуға жол ашпай, қатаң орталықтандырылған жүйені басшылыққа ала отырып, ұлттық құндылықтарын жаңғыртуға мүмкіндіктен шектеді. Билік пен басқару жүйесінің үстінен Қазақ КСР Коммунистік партиясы бақылауда ұстады.
Әлемдегі басқа да алып мемлекеттердің негізгі заңдарына назар аударсақ, бірқатар құрылымдық ерекшеліктер мен идеологиялық ұқсастықтар байқалады. Германия, АҚШ, Франция секілді елдер демократиялық бағыт алса, Пәкістанның мемлекеттік басқару жүйесі мұсылмандық құқықтарға негізделген. Ал, Морокко, Испания сынды елдерінде басқарудың монархиялық сипаты сақталған. 1978 жылғы 27 желтоқсанда қабылданған конституциясында Испания әлеуметтік, құқықтық және демократиялы ел деп жариялаған. Конституция мәтінінде: «Мен, Испания Королі дон Хуан Карлос І, осы құжатпен танысушы кез-келген адамға бұл конституцияны Кортестердің мақұлданғанын және испан халқы мақұлдағанын мәлемдеймін:» - деген алғы сөзінен басталады.
Франция Республикасының қазіргі кезеңде қолданыстағы 1958 жылғы 4 қазанда бекітілген Конституциясының кіріспесінде (преамбула): «Француз халқы 1789 жылғы декларацияда анықталғандай, 1946 жылғы Конституцияның кіріспесінде расталған және толықтырылған адам құқықтары мен ұлттық егемендік қағидаттарына адалдығын салтанатты түрде жариялайды. Осы қағидаттарға, сондай-ақ, халықтардың еркін өзін-өзі анықтау принципіне сүйене отырып, Республика оған қосылуға ниет білдіретін шетел аумақтарының халқын, бостандықтың, теңдік пен бауырластықтың бірлескен идеалына негізделген және олардың демократиялық ыдырауын мақсат ететін жаңа институттарды ұсынады».
Ал, төл Конституциямыздың кіріспесінде: «Тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қауымдастықта лайықты орын алуды мақсат ететіндігін» алға тартады.
Бұл тұста назар аударатын жәйт, конституциямыздың бұл жолдары Қазақ мемлекеттілігінің бастауы ежелден тамыр тартатындығын айшықтайды. Табиғатынан еркін, азат қазақ халқының адамзат тарихындағы өз орны, туған жұртымыздың әлемдік ұлы мәдениетке қосқан үлесінің орасан зор екендігін аңғаруға болады. Қазақ қоғамындағы құқықтық қарым-қатынастар халықтың тыныс-тіршілігі мен дүниетанымдық көзқарастарына негізделген.
Қазақстан секілді отарлық езгідегі біршама тарихын бастан кешкен Оңтүстік Азияда орналасқан мемлекеттің бірі – Үндістан. Екі елдегі ұқсастық ол – Үндістан да біздің еліміздегідей көп ұлтты мемлекет. Бұл елде әр түрлі тілде сөйлейтін және әлеуметтік-экономикалық дамудың әр түрлі сатысындағы бірнеше жүз ұлт, шағын халықтар мен тайпалар өмір сүреді. Үндістанның ағылшын тіліндегі конституциясы кезінде әлемдегі көлемі жағынан ең ұзақ конституциялардың бірі. 1949 жылдың 26 қарашасында қабылданған (1950 ж. 26 қарашасында заңды күшке ие болған) ең алғашқы басты құжат 22 бөлім, 8 кесте және 395 баптан құралды. Ал бүгінде әлемдегі ең ұзақ та, көлемді конституция ол – АҚШ-тың Алабама штатының 1901 жылы заңды күшіне енген, қазіргі кезеңде қолданыстағы конституциясы.
Әділеттік құқықтық жүйенің мәдени және демократиялық дәстүрлеріне негізделген. Қазақ құқығы өзінің реттеушілік мәнін ХІХ ғасырға дейін, кейбір жағдайларда ХХ ғасырдың басына дейін жоғалтпай сақтап келді. Қазақ құқығының бұлай ұзақ өмір сүруін өркениеттің шаруашылық-тұрмыстық, дүниетанымдық негіздері қазақтың кең даласында сақталды. Екіншіден, қазақ құқығы халықтың тыныс-тіршілігінің өзегімен қисындас болатын, халықтың өзіне жақын, тәндес, жалпы адам баласының мәңгілік рухани бітім-болмысына, талабына сай болатын.
Ел конституциясы – тәуелсіздіктің негізгі арқауы. Азат еліміздің Конституциясының басты қызметі – елдің тұрақты және орнықты дамуын қамтамасыз ету, нарықтық экономиканы нығайту, ең маңыздысы –мемлекеттік тәуелсіздікті сақтау. Менің ойымша, бұл қызмет сәтті орындалуда.
Алайда, қазақ құқығының тарихы, дәстүрлі құқықтық нормалары, көшпелі өмірдің демократиялық-мәдени құндылықтарын зерттеу кенже даму жолына түсті. Ел тәуелсіздігі бұл мәселені обьективті де шынайы көзқараспен қарастыруға зерттеуші-ғалымдар үшін зор мүмкіндіктерге жол ашты. Бұған дейін Патшалық Ресей, Кеңес үкіметі кезеңдері тұсында қазақ құқығының мәселелері отарлық биліктің ығына қарай жүргізілді.
Алғаш қабылданған егемен еліміздің Конституциясы 26 жыл бойы саяси-құқықтық міндетті орынды атқарып келеді. Ең алғаш тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардағы сынға толы кезеңнен де халық бірлігі мен тәуелсіздік тұғырын жығып алмай, аман алып шықты.
Төл Конституция бүкіл мемлекеттік жүйенің, бүкіл қазақстандық заңнаманың қалыптасуына қуатты серпін бере алды, әлі де еліміздің дұрыс бағытта дамуының кепілі деп бағамдар едік. Мемлекеттің әрбір азаматы конституциялық сауатты, тәуелсіз еліміздің негізгі тұтқасы – Ата заңымыздың қадір-қасиеті мен тарихи маңызын саналы түрде түсіне білсе, ол да біздің Мәңгілік жеңісіміз, жетістігіміз деп түсінеміз.
Ақнұр ОРАЛОВА
Тарих ғылымының магистрі